Жаңаөзендегі тұрғын үйден шыққан жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, бүгінде зардап шеккен бес адамның екеуі - 1977 жылы туған ер адам мен 2000 жылы туған әйел жансақтау бөлімінде, ауыр жағдайда жатыр. Әйел адам жүкті болған.
Қалған үш адам 2008 және 2014 жылы туған қыздар мен 1965 жылы туған ер адам травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Тағы бір зардап шеккен адам Маңғыстау облысындағы ауруханада жатыр. 1972 жылы туған ер адам "жедел жәрдем" медавиациясымен жеткізілген. Дәрігерлердің сөзінше, ер адамның денесінің 60-70 пайызы күйіп кеткен.
"Науқас жансақтау бөлімінде жатыр, есін біледі, жағдайы ауыр. Қазір ем қабылдап жатыр", - дейді аурухана өкілдері.
Айта кетейік, оқиға 17 сәуірде таңғы сағат 5 шамасында (Астана уақытымен) Жаңаөзен қаласындағы 2-шағынауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйде болған. Алдын ала болжам бойынша газ жарылғаны хабарланды. Ал салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қираған.
Еске салайық, бұған дейін Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде газ жарылып, салдарынан оннан аса адам зардап шеккені хабарланған болатын. Сондай-ақ, құтқарылғандарды және медициналық көмекке жүгінгендерді қосқанда барлығы 8 адам ауруханаға жатқызылған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!