"Трабзонспор" клубының жанкүйерлері Түркиядағы жер сілкінісі кезінде аянбай еңбек етіп жатқан құтқарушыларға алғыс білдірді. Оның ішінде мексикалық ит Протео да бар.
Конференция лигасының плей-офф кезеңінде түрік клубы мен швейцариялық "Базель" арасындағы матч алдында әсерлі оқиға болды. Жанкүйерлер үлкен баннерге құтқарушылар мен бірге иттің де суретін салып, оған құрмет көрсетті.
"Протео Түркияға Мексикадан іздеу-құтқару тобының құрамында келген. Солтүстік Америка тобы Кахраманмарашта жұмыс істеген. Протео өз командасымен адамдарды іздеп, екі адамды құтқарған. Бірақ өзі құлаған ғимарат қирандыларының астында қалып қойған", - деп жазды түрік БАҚ өкілдері.
Кейінірек желіде итпен қоштасу видеосы пайда болды: мексикалық құтқарушылар итті еске алу үшін Түркияда жиналды.
Иттің мәйіті Мексикаға жеткізілді, Twitter қолданушылары "Протеоның Түркиядағы ерен еңбегі ұмытылмайды" деп жазады.
Иттің құтқарушы иесі Протеомен қимай қоштасып, өзінің қарулас жолдасын "нағыз батыр" деп атады.
Түрік жанкүйерлері Қазақстан мен басқа елдердің құтқарушыларына ризашылықтарын білдірді.
Еске салайық, дүйсенбі, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығыс бөлігінде екі жер слкінісі болып, Сирияның бірнеше провинциясы да зардап шеккен.
Кейінгі мәліметтер бойынша, Түркия мен Сириядағы бірқатар жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 40 мыңнан асқан.