Шекара бөлінгенде, қала берді жұт, репрессия жылдары кейбір қазақтар шетте қалып кеткен. Бүгінде олардың ұрпақтары әлі күнге дүниенің әр қиырында өмір сүріп жатыр.
Massaget.kz тілшісі шетелдегі қазақ ауылдары жайлы ерекше жобаның авторы Санат Ілияспен сұхбаттасты.
"Көбі шеттегі қазақтарды қытай секілді болып кеткен немесе орыстанған дейді"
26 жастағы Санат Ілияс Абай облысы Қалбатау ауылында дүниеге келген. Кейін Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетін тәмамдаған. Бүгінде ол жеке блогын түсірумен де айналысады. Ал контенті ерекше. Оның бұл жобасы "Жалғыз жолаушы" деп аталады.
"Жалғыз жолаушы" жобасының негізгі мақсаты - қазақ пен қазақты жақындастыру, шеттегі қандастарымыздың өмірін көрсету, олардың бар екенін білдіру, қазақ қай жерде де қазақ болып қалатынын ұғындыру. Түрлі елдерге, түрлі өңірлерге барамын. Ал көбінің ойынша, Қытайдағы қазақтар қытай секілді болып кеткен, Ресейдегі қазақтар орыстанып кеткен. Менің мақсатым - сондай стереотиптерді жою. Мен білетін қазақ қашан да еңбекқор, салт-дәстүрін ұмытпаған, бір-бірімен бауырмал", - дейді Санат Ілияс.
Оның сөзінше, әлі күнге қоғамда кеңес дәуірінен қалған құлдық сана-түсінік бар.
"Кеңестік идеологияның қазақтарға қатысты айтқан құлдық стереотиптері бар: қазақ қазақты көре алмайды, қазақ жалқау. Шын мәнінде олай емес", - дейді ол.
"Сөз мәнін біледі". Моңғолиядағы қазақтар қалай өмір сүріп жатыр?
Санат Моңғолия қазақтарының да тыныс-тіршілігін көзімен көріп қайтқан. Алтай ауылында 4000-ға жуық халық тұрады екен. Мұнда мектеп те, балабақша да қазақша. "Құдды бір Қазақстанға тап болғандайсың" деп сипаттайды бұл туралы блогер. Ал халықтың негізгі кәсібі саятшылық пен малшылық екен.
"Моңғолияда бір ауыл бір отбасы болып тұрады. Малдың бәрін бірге бағады. Өте ұйымшыл. Сол арқылы әрқайсының мыңдаған малы бар. Жағдайлары да жақсы. Қазақтар бір-бірін көре алмайды деп айтады. Әсіре олай емес, қазақтар ұйымшыл. Қазақ сөздің мәнін біледі, ойы жан-жаққа шашырамайды. Моңғолия қазақтарына барған кезде, "ассалаймағалейкум, аға, түсірілім бар еді" деп сұхбатқа шақырсаң, олар асықпай, бірінші шайға шақырады. "Жұмысыңды қоя тұр, дастархан басына жайғас, өзің қай елсің?" деп әңгіме бастайды. Сөз төркінін түсінеді, қонақ күтуді біледі. Құдайы қонақтың сыйын ұғынады. Сондай ата жолын сақтаған халық", - дейді блогер.
Моңғолияның табиғаты қатты суық болғанымен, бір қызығы мұндағы халық қақаған аязға үйреніп кеткен. Оны блогер түсірген ауылдарда, киіз үйде тұратын қазақтардың тіршілігінен байқауға болады.
"Егіз төлдің бірін сыйлап жіберді". Ресейдегі қазақтар қалай өмір сүріп жатыр?
Блогер Қараөзек деп аталатын Сібірдегі қазақ ауылын да түсірген. Мұнда қыпшақтар мекендейді. Санат Ілияс осы сапары барысында ерекше отбасын тапқан. Өйткені бұл отбасында екі түрлі дінді ұстанады екен. Ұлты қазақ, қыпшақ руынан шыққан Серік Ресейден өкіл әкесін тапқан. Осылайша, екі түрлі ұлт, дін өкілі бүгінде бір отбасы болып өмір сүріп жатыр.
Санат Ілияс одан бөлек Астрахань облысына да барған.
"Соңғы рет Астрахань облысында болдым. Ресейдегі ең көп қазақ сол өңірде екен. Бір облыста 200 мың қазақ өмір сүреді. Олардың үйіне қонаққа бардым. Кәдімгідей өзінің жеті атасын біледі. Қазір қой төлдеп жатқан уақыт қой. Мен барған үйде бір қой егіз тауыпты. "Сен құтты қонақ болдың, қазақта егіз дүниеге келсе, біреуін міндетті түрде сыйлайды" деді. Сөйтіп біреуін маған сыйлады. Бізде ұмытылып қалған дәстүрлер, ұмытылып қалған түсініктер бұл жақта бар. Бұл сананы жаңғырту деп ойлаймын", - дейді ол.
Сондай-ақ, Ресейдегі қазақтар түпкі шежірені де әлі күнге ұмытпаған екен.
"Біз үш жүз, оның ішінде ұлы жүз, орта жүз, кіші деп айтамыз ғой. Ұлы жүзді Ақарыс, орта жүзді Бекарыс, кіші жүзді Жанарыс деп атайтынын біліп пе едіңіздер? Мен оны жақында ғана білдім. Ресей қазақтарының аузынан шыққан сөз - осы. Үйге келіп, шежірені ақтарып қарап жатсам, шынымен де, ұлы жүзді Ақарыс деп атаған, орта жүзді Бекарыс деп атаған, кіші жүзді Жанарыс деп атаған екен", - дейді блогер.
Санат Ілияс қазақ тарихындағы ірі тұлғалар жерленген орындарға да барып қайтқан.
"Тарих деген сан қырлы. Біз кітаптан оқыған тарих басқа, мен көзбен көрген тарих басқа. Астрахань облысында Бөкей ханның мазары жатыр. Құрманғазы атамыздың мазары жатыр. Сол кісілердің басына барып келдім. Айтайын дегенім, көшпелі ата-бабамыз әртүрлі өңірге барып, өзінің ордасын тіккен. Ол жақта да қазақтың зираттары жатыр. Расымен, біздің ата-бабамыздың жүріп кеткен жолы. Мен қазір сол жолмен жүрмін. Сол арқылы үлкен миссиямды орындап жатырмын", - дейді ол.
"Өте ұйымшыл". Өзбекстандағы қазақтар қалай өмір сүріп жатыр?
Санат Шәмші ән арнаған Өзбекстандағы атақты Тамдыбұлақ ауылына да арнайы барған.
Мұндағы қазақтар қымыз емес, шұбат ішеді әрі таза қазақша сөйлейді екен.
"Науаи облысында Тамдыбұлақ деген ауылда болдым. Құмды жер, қыста қатты аяз, сондықтан адамдар сексеуілмен күн көреді. Ай сайын жігіттер КамАЗ-бен барып, сексеуіл тиеп, үлестіріп береді екен. Өйткені Өзбекстанның көмірі нашар. Әлгі жігіттер бір КамАЗ сексеуілді тиеп алып келе жатса, алдынан экология полициясы шығып тоқтатады. Жүргізушісі WhatsApp топтарына жазады. Экология полициясы заттарып тәркілеп, акт толтырған. Бүкіл ауылдың жігіттері жиналып барған. "Екі жүз адам жиналды" дейді. Экология полицейлерін қоршап алған. Науаиден полицейлер келген. Біреуі шығып, "мына аязда Өзбекстанның көмірімен күн көру мүмкін емес" деп айтқан. "Сөйтіп, таңға дейін қоршап тұрдық. Бір-бірімізден кеткен жоқпыз" дейді. Соңында экология полициясы актті жыртып, бір КамАЗ сексеуілді жібере салыпты. Мұндағы қазақтар өте ұйымшыл", - дейді ол.
"Демеушім - өзім"
Санат бұл сапарлардың бәріне өз қаржысын жұмсайтынын жеткізді.
"Көп адам "сенің демеушің кім, қайдан ақша аласың" деп сұрайды. Шын мәнінде өз-өзіме демеушімін. Өзімнің негізгі жұмысым бар. Маркетинг ұйымында смм менеджері болып қызмет етемін. Ай сайын тұрақты түрде демалыс алып, жалақының бір бөлігін осы саяхатқа жұмсап отырамын. Қазір мені көрген көрермендер қолдау көрсетіп жатыр. "Жалғыз жолаушының барша көрерменіне алғыс айтамын", - дейді ол.
Блогер оның бұл жобасы келер ұрпақтың да кәдесіне жарайды деген сенімде.
"Қазір тарихи еңбек атқарып жатырмын ойлаймын. Өйткені әр өңірге барып, сол жердің тарихын айтамын, екіншіден, қазақтардың тұрмыс салтын айтамын. Оларда аға буын өкілі қазақша жақсы сөйлейді, ал кіші буын өкілі орыс мектебінде, қытай мектебінде оқыған соң, ұлттық тілін ұмыта бастайды. Кейін адам өз түбін, тегін іздейді. Сол ұрпақ менің әке-шешем сол заманда қалай өмір сүрген деп интернеттен қараған кезде менің видеоларым шығады. Сол кезде қазақ екенін, әке-шешесі қазақ тілінде сөйлегенін түсінеді", - дейді блогер.
"Жалғыз жолаушы" жобасының авторы бұл видеоларды түсіру идеясы тектен тек келмегенін айтады.
"Менің атқарып жатқан жұмысым - қазақ пен қазақты біріктіру, солтүстіктегі қазақты оңтүстіктегі қазақпен, шығыстағы қазақты батыстағы қазақпен біріктіру, барлығын жұмылдыру. Бұл неге керек? Біз өз-өзімізді ұлықтамасақ, насихаттамасақ, ешкім сырттан жаны ашымайды. Көп адам шеттегі қазақтар ашаршылық, репрессия жылдарында шетелге қашып кеткен деп ойлауы мүмкін. Бірақ әсте олай емес. Иә, бар. Жасыруға болмайды. Қиын күнде ұрпағын аман сақтап қалуы үшін түрлі қадамға барды. Десе де өзінің атажұртында да тұрып жатқан жандар бар. Олар туралы да айтқан дұрыс", - дейді Санат Ілияс.
Санат Ілияс шеттен келген қазақты шеттетуге, өзектен тебуге ешқашан қақымыз да, құқымыз да жоқ екенін жеткізді.
"Егер адам тарихын, түбін ұмытпаса, ол адамнан ұлы адам жоқ. Мен көрген қазақтар осындай. Бізде кейбір адамдар шеттен келген қандастарды шеттетуі мүмкін. Бірақ ол адамдар менің фильмімді көретін болса, түсінетін еді. Өйткені олар бізге жай ғана келіп жатқан жоқ. Олар бізге қазақтың ұлттық құндылығын алып келіп жатыр", - деп түйіндеді әңгімесін ол.
Еске салайық, бұған дейін Айшолпан Нұрғайыпқызымен сұхбаттасып, Моңғолиядан атажұртқа қалай көшіп келгенін сұрады.
Айшолпан сұхбат барысында шеттегі қазақтардың тыныс-тіршілігін де әңгімелеген еді.
"Нағыз қазақстар Қытайда және Моңғолияда деп айта аламыз. Себебі қазақтың салт-дәстүрінің бәрін сақтаған, мал шаруашылығымен айналысады. ХХІ ғасыр болғаннан кейін киіз үйде тұрмайды. Шатырлы, екі қабатты үйлерде тұрады. Өте жақсы өмір сүреді. Көшпенді. Төрт мезгіл сайын көшіп отырады. Мал шаруашылығымен айналысқаннан кейін бір орында отыра алмайды. Қазір дамыған ғой, көліктерімен көшеді. Жазда бір жаққа, күзде бір жаққа көшеді. Қыстауда ғана шатырлы, көпқабатты үйлері бар. Ал жазда, күзде күн жылы болғаннан кейін киіз үйлерін артып алып көшіп жүреді", - дейді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз