eGov.kz порталы және eGov Mobile қосымшасында шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған жағдайда жақын адамдарға хабарлама жіберуге мүмкіндік беретін тегін сервис пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, пайдаланушы сенім білдірген байланысы ретінде үш адамға дейін алдын ала тіркей алады.
Өзі жол апатына түсіп немесе денсаулығы күрт нашарлап, жақындарына хабарласа алмаса, тіркелген адамдар оның ауруханаға түскені туралы хабар алады.
Бұл үшін eGov-та арнайы қызметті таңдап, сенім білдірген адамның ЖСН-ын көрсету қажет. Көрсетілген адам SMS арқылы келісімін растайды немесе бас тарта алады. Шешім қабылдауға бес сағатқа дейін уақыт беріледі.
eGov.kz порталында:
- порталда авторизациядан өту;
- "Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу" қызметін таңдау;
- сенім білдірген адамның ЖСН-ын көрсету қажет.
Сенім білдірген байланыстағы адам 18 жастан асқан және мобильдік азаматтар базасында тіркелген болуға тиіс.
eGov Mobile қосымшасында:
сервис "Мемлекеттік қызметтер" - "Денсаулық сақтау" бөлімінде орналасқан. Өтінішті Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде өңдеу 10 минутқа дейін уақыт алады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова