Қазақстанда егін жинау науқаны аяқталды. Мәліметке сүйенсек, 26,5 млн тонна астық жиналған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 23,3 млн гектар аумақта жиналған, оның ішінде 16,7 млн гектары - дәнді және бұршақты дақылдар. 26,5 млн тонна астық бастырылды.
Орташа өнімділік гектарына 16 центнер болды, бұл былтырғы көрсеткіштерден жоғары.
"Негізгі астық егетін өңірлер ішінде Солтүстік Қазақстан облысында жоғары нәтижелер байқалады: 18,6 ц/га. Оңтүстік өңірлерде өнімділік бойынша жоғары көрсеткіштер Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында байқалады", - деп жазылған хабарламада.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында жауын-шашынға қарамастан, күздегі ауа райы шығынсыз егін жинауға мүмкіндік бергенін мәлімдеді.
"Жоғары өнімділікке ауа райы, агротехнологияларды дұрыс қолдану, сапалы тұқымдарды пайдалану, минералды тыңайтқыштарды қолдану және өсімдіктерді тиімді қорғау арқылы қолжеткізілді", - деді министр.
Дәнді дақылдарды жинау аяқталды, жүгері дәнін жинау жалғасып жатқаны белгілі болды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!