• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Египет, Түркия, Вьетнам... Қостанайда саяхатқа барамыз дегендер алданып қалды

Египет, Түркия, Вьетнам... Қостанайда саяхатқа барамыз дегендер алданып қалды
Фото: depositphotos.com

Қостанайда туристік қызмет көрсету саласында әрекет еткен агенттік полицейлердің назарына ілікті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шетелге турлар ұйымдастыратын компанияға клиенттер жаппай шағымданған. Полицияға зардап шеккендерден 53 арыз түсті. Арыз иелері Египет, Түркия, Таиланд, Вьетнам және Қытайға саяхаттар үшін алдын ала төлем жасаған, алайда уәде етілген қызметтерді ала алмаған.

Кейбірі турлардың құнын толық төлесе, кейбіреулері жартылай төлеген. Соған қарамастан, ақшалары қайтарылмаған әрі турлар брондалмағаны белгілі болды. Клиенттер саяхаттарды агенттік кеңсесіне келіп немесе телефон арқылы брондаған. Төлем қолма-қол және банк аударымы арқылы төленген. Бірақ ұшатын күні саяхаттарға тапсырыс мүлде жасалмағаны анықталды.

"Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі - 40 миллион теңге. Агенттік өкілдері айыптауларға жауап ретінде қаржы иемделмегенін, ал турлар өзіндік құнымен сатылғандықтан, осындай қиындықтар туындағанын мәлімдеді", - деп жазылған хабарламада.

Полицейлер тергеу барысында туристік пакеттерге қатысты брондауды растайтын ешқандай құжаттар жоқ екенін анықтады.

Қазір екі немесе одан да көп адамның шығынға ұшырауына байланысты алаяқтық дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті - жеке кәсіпкер, ол қамауға алынды, тергеу жалғасып жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget