"Егер байқаусызда сәбиге тиіп кетсе ше?" Танымал боксшылар Шүменовке қатысты дауға пікір білдірді

Танымал боксшы Бейбіт Шүменовке қатысты дау қоғамда қызу талқыға түсті. Астанадағы сауда орталығында Шүменов белгісіз ер адаммен сөзге келісе алмай, артынша төбелесіп кетті. Оқиға видеоға түсіп қалған. Massaget.kz тілшісі осы оқиғаға қатысты танымал боксшылардың ойын сұрады.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, көптеген халықаралық турнирдің жеңімпазы Жанқош Тұраров бұл оқиғаға қатысты тергеу органдары тиісті баға беретінін айтады. 

"Бейбітті атақты боксшы, әлем чемпионы және Қазақстанның мақтанышы ретінде білеміз. Ол бұған дейін заңсыз дүниелер жасаған емес. Видеоға қарасақ олар сөзге келісе алмай, төбелеске ұласып кеткен секілді. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді. Тергеу органдары тиісті бағасын береді деп ойлаймын. Менің ойымша, кәсіби спортшы күшін қарапайым өмірде қолданбауы керек, мұны бізге бала күннен үйретеді. Тек өзіңді және отбасыңды қорға. Шүменовтің сөзінше, жанжал шешіліп, екі тарап татуласқан. Қазір тек қоғамның эмоциясын көріп отырмыз. Қателеспейтін адам жоқ деп ойлаймын және екі тарапқа бірдей қарау керек", - деді Тұраров. 


Еркебұлан Тоқтар мен Жанқош Тұраров. Фото: instagram.com/zhankoshturarov

Кәсіпқой боксшы Еділ Қожамбердиев екі тарапта да кінә барын айтады. 

"Бейбіт - еліміздің мықты боксшыларының бірі. Көк туымызды әлемдік ареналарда көтеріп жүрген боксшы. Бейбіт қарапайым, сабырлы жігіт деп айта аламын. Болған оқиғаға қатысты тоқтала кететін болсақ, менің ойымша, екеуінің де кінәсі бар. Бейбітке қатысты айтар болсам, ол спортшы, боксшы ретінде, әрине, қол жұмсамауы керек еді. Оның үстіне, ол жігіттің қолында кішкентай сәбиі болды. Егер байқаусызда сәбиге тиіп кетсе, өзім де боксшы болғандықтан соққы қандай болатынын білемін. Сондықтан Бейбіт бауырымыз сабыр сақтап, сөзбен шешуге болар еді", - дейді боксшы. 


Фото: instagram.com/edil_kozhamberdiyev_official

Қожамбердиевтің сөзінше, екінші жігіттің де кінәсі бар.

"Ұлы аутизммен ауыратын болса, әйелі секілді келіп, Бейбіттен кешірім сұрай салуы керек еді. Видеодан ол да Бейбітке агрессивті түрде жауап беріп жатқаны көрініп тұр. Бірақ біз ол жерде болған жоқпыз. Қандай жағдай болғанын, Бейбіт сондай реакция беретіндей ол жігіттің не айтқанын білмейміз. Сондықтан екеуінің де кінәсі бар деп ойлаймын. Бірақ Бейбіт кәсіби боксшы бола тұра соққы жұмсамауы керек еді". - дейді ол. 

Еске салайық, бұған дейін Астанадағы ірі сауда және ойын-сауық орталығының фудкортында төбелес болып, қолында кішкентай баласы бар адамға екінші ер адам шабуыл жасағаны хабарланған еді.

Telegram-арналардың бірінің мәліметінше, төбелеске қатысушылардың бірі - қазақстандық кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов.

Кейінірек полиция осы жағдайға қатысты пікір білдірді. Ал ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сұнтаев Астанадағы кафеде ер адаммен төбелескен адам боксшы Бейбіт Шүменов екенін растады.

Кейінірек Бейбіт Шүменов оқиғаға қатысты пікір білдіріп, қалай болғанын айтып берді.

Айта кетейік, Бейбіт Шүменов – танымал қазақстандық кәсіпқой боксшы. Мансабын 2007 жылы бастаған. 19 жекпе-жек өткізіп, 17-де жеңіске жеткен. 2 кездесуінде қарсыласына есе жіберген. 2017 жылы жарақатына байланысты мансабын аяқтаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!