Тура 15 жыл бұрын қыркүйектің тоғызы күні отандық медиа нарықта жаңа "Жетінші арна" пайда болған еді. ТВ бағдарламалар тізімінде ол бірден жаңашылдығымен ерекшеленді - заманауи әрі батыл телевизиялық шешімдерінің арқасында бірден көрермендерді жаулап алып, жоғары рейтингке ие болды. Содан бері телеарна позициясын жоғалтқан емес, әрдайым медиа индустрияда сапалы өнім ұсынып келеді. Осы уақыт аралығында шетелдік технологияларды алғашқы болып игеріп, елдегі медиа майталмандарының тәжірибесін ұтымды пайдаланып қана қоймай, жас мамандардың шыңдалуына да ықпал етіп үлгерді.
Биылғы бағдарламалық саясаты да одан бетер күшейген іспетті. Жаңа маусымды басшылығы арнаның мерейтойына арнаған. Өзгерістер елеулі - елдегі беделді, белсенді медиа жұлдыздарды жинап алыпты. Сонымен "Жетінші арна" көрерменіне не ұсынғалы отыр? Біз шолу жасап көрейік.
"Биылғы маусымда біздің арна көрермендерге өзекті қоғамдық-саяси контент пен әлемдік деңгейдегі ауқымды шоулардың үйлесімін ұсынып, жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. Азаматтар үшін жасалып жатқан елдегі өрлеуді барлығы көріп, түсінуі керек", - дейді "Жетінші арнаға" жақында келген бас директор Илхам Ибрагимов.
Елдегі өрлеу мен өзгерістерді талқылау үшін телеарна басшылығы отандық журналистиканың ғана емес, саясаттың да жілігін шағып, майын ішіп жүрген танымал журналист Нартай Аралбайұлына эфир тізгінін беріпті - ол енді "Жетінші студия" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі.
"Жетінші арнаның" талантты қызметкерлерімен жолы болды. Арнаның құрылуына өз ісінің кәсіби маманы, өмірден ерте өткен Батыр Қазыбаев үлес қосты. Әр жылдары арнада Михаил Дорофеев пен Рүстем Рахимов еңбек етті, өкінішке қарай, қазір олар да арамызда жоқ... Біз өз жобаларымызда журналистиканың озық дәстүрлерін ойын-сауық бағдарламаларының озық форматтарымен үйлестіре отырып, тек ақпарат беріп қана қоймай, аудиториямызды шабыттандыруға тырысамыз. "Жетінші арнада" басқаша болуы мүмкін емес. Телеарна әрқашан теледидар нарығындағы трендтердің алдында болды, - деді Илхам Ибрагимов.
Трендтен осы жолы да қалмайтын сыңайлы. Өйткені 2024 - мерейтойлық жыл. Бас директор мұндай айтулы дата өткенге көз жүгіртіп, болашаққа жоспар жасауға мүмкіндік беретінін айтады. «Қайта жүктелген» телеарна саясаты биыл да батыл. 15 жылдың құрметіне эфирге 15 жаңа бағдарлама ұсынады. Барлығының түпкі концепциясы бір - енді көрермен тек аудитория деп саналатын құрал емес, әр хабардың кейіпкері, сондықтан эфирдің әр минуты олардың проблемасына, өмірі мен көңіл күйіне, құндылықтарына арналады.
Эфирден насихатталатын арнаның басты құндылығы – салауатты өмір салты. Мұндай жауапты істі сауатты тілшіден гөрі, медицина саласының білікті маманына жүктеп отыр. Соңғы жылдары елде медиа сауаттылығымен танымал болған медицина ғылымдарының кандидаты Айнұр Тәжинаны осы арнадан таба аласыздар. Енді ол - "Денсаулық" жобасының жүргізушісі. Тек деннің саулығы туралы ғана емес, үздік медицина мамандары мен дәрігерлер өздерінің тәжірибелерін, жетістіктерін және шабыттандыратын оқиғаларын айтып, эфирге шығады.
"Біз олардың еңбегінің маңыздылығын атап өткіміз келеді. Көрермендерге бұл адамдардың ортақ игілік үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын көрсеткіміз келеді", - дейді Айнұр Тәжина.
Арна басшылығының келесі ұстанымы - халықтың саяси сауатын арттыру. "Жетінші студия" бағдарламасын Нартай Аралбайұлы саясатты түсінікті тілмен сөйлететін алаңға айналдырамын деп отыр. Оның ойынша, елде және әлемде болып жатқан саяси оқиғалардың астарын әр көрермен түсініп, өміріне қалай әсер ететіні туралы қорытынды жасай алуы тиіс.
Ал көрермендердің көңілін серпілту миссиясы танымал журналист әрі тележүргізуші Динара Сәтжанда - оның кешкі шоуы енді телеарнадан таратылатын болыпты.
"Жазға дейін видеоларымызды тек YouTube-те шығарып тұрдық, ерекше форматымызды жоғалтпау үшін теледидарға ауысу туралы бірнеше ұсыныстан бас тарттым. Бірақ "Жетінші арна" бізге екі форматты - YouTube пен теледидарды біріктіруге мүмкіндік берді. Енді біз, бір жағынан, шығармашылық еркіндігіміз бен өзімізге тән ерекшелігімізді сақтап, екінші жағынан, теледидардың әлеуетін пайдалана отырып, кең аудиторияға шыға аламыз", - деді Динара Сәтжан.
Отандық медиадағы тағы бір жаңалық - белгілі журналист Әйгерім Сейфолланың бұрынғы сұхбат форматындағы хабарға оралуы. Ол да мұндай мүмкіндікті осы "Жетінші арнадан" алып отыр. Бағдарламаның атауы да бұрынғысына ұқсайды - "Әйгерім Сейфолланың сырласуы". Әйгерім Сейфолла елге өзінің қайталанбас сырласу стилімен танымал. Бұл жолы сұхбаттың стилі емес, форматы өзгерген: автордың фокусы – бұрынғыдай белгілі тұлғалар ғана емес, қазақстандық аудиторияны дүр сілкіндірген ең шулы және күрделі оқиғалар, сонымен қатар айтары бар кез келген адам студияға шақырылады.
Аудиторияның сұраныстарын қанағаттандыру - жаңа форматтағы "Жетінші арнаның" негізгі мақсаты. Арна ұжымы жылдам өзгеріп жатқан ақпараттық кеңістікте қарапайым көрерменге жалған мен шындықты ажырату қаншалықты қиын екенін біледі. Сондықтан бәрін өздері тексеріп, түсіндіріп береді: жаңа "Бұл не болды?" және "Сөздің қысқасы" бағдарламаларының өзегінде де осы мәселе жатыр. Оқиғаларға жаңа көзқарасты Алмас Әшім мен Ардақ Қасымхан ұсынады. Футбол әуесқойлары үшін де "Жетінші арнаның" бірнеше жаңа жобасы бар.
"Жетінші арна" республикалық хабар таратуын 2009 жылғы 9 қыркүйекте астаналық "Эра" телеарнасынан бастады. Алғаш рет "Жетінші арнада" "Жұлдыздар фабрикасы", "Жұлдыздар биі", "Экстрим", "40 миллион теңге", "BOOM" сынды үздік халықаралық шоулардың қазақша нұсқасы көрсетілді. Ал "Нысана", "Другими словами", "Выход есть" жобалары отандық қоғамдық-саяси жобаларға жаңа серпін берді. Арна алғашқылардың бірі болып 2018 жылы миллиардтан аса қаралым жинап, YouTube-тің "Алтын батырмасын" алды. Осы күні "Жетінші арнаны" әлеуметтік желідегі парақшаларына 5 миллионнан астам адам тіркелген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!