Абай облысында түрмеде кісі өлтірген сотталушы тағы да жаза арқалады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №20 мекемесінде жазасын өтеп жүрген Л.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол басқа сотталушыны қасақана өлтірді деп айыпталған.
2025 жылы сәуірде сағат 15:30-да сотталғандар Л. мен У. арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. Соттың мәліметінше, бұл жағдайға жеке және діни мәселелер себеп болған.
Жанжал барысында жәбірленуші У. Л.-ны ұрып, жерге құлатқан. Бұған жауап ретінде Л. еден жуатын ағашты алып, жәбірленушінің денесіне және басына бірнеше рет соққы жасаған.
Осыдан кейін ол оқиға орнынан кетіп қалған. Ал У. мекеменің медициналық пунктінде есін жимастан қайтыс болған.
Сотта Л. өз кінәсін мойындамаған. Сот үкімімен Л. кінәлі деп танылып, оған алдыңғы үкім бойынша өтелмеген жазаның бір бөлігін ішінара қосу арқылы 11 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Үкім заңды күшіне енді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!