eGov.kz жұмысында ақау шықты

Азаматтар eGov.kz жұмысында ақау пайда болғанын айтып, әлеуметтік желіде шағымын жариялады. Бұл жағдайға "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ өкілдері пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желі қолданушыларының айтуынша, кейбір жағдайда портал мүлдем ашылмайды, ал кейбір азаматтар мемлекеттік қызметті пайдалану кезінде ұзақ жүктелетініне немесе түрлі қате шығатынына шағымданған.

Сондай-ақ, тұрғындар eGov Mobile қосымшасына кіру мүмкін болғанымен, ол да тұрақсыз жұмыс істеп тұрғанын айтты. Олардың сөзінше, авторизациядан кейін сервис ұзақ уақыт жүктеліп, бөлімдер арасында ауысу кезінде қатып қалады немесе кейбір қызметтер ашылмайды.

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ мәліметінше, қазір eGov.kz порталын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Қазір жаңартылған платформаны баптау және оңтайландыру бойынша жұмыстар аяқталып жатыр. Осыған байланысты пайдаланушылар порталдың кейбір компоненттерінің жұмысында уақытша ерекшеліктерді байқауы мүмкін", - деді компания өкілдері.

Айта кетейік, eGov.kz порталы 2006 жылы іске қосылған еді. Алғашында онда мемлекеттік органдардың жұмысы мен қызмет алу тәртібі туралы анықтамалық ақпарат қана жарияланған болатын. Кейін порталдың мүмкіндігі кеңейіп, бүгінде eGov.kz пен eGov Mobile арқылы көптеген мемлекеттік қызметті онлайн алуға болады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз