“eGov қызметкерімін“. Қазақстанда алаяқтықтың тағы бір түрі шықты

Бас прокуратура азаматтарға алаяқтықтың жаңа тәсілін ескретті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Схема қалай жүзеге асады?

Ведомство мәліметінше, қаскөйлер өздерін eGov қызметкері ретінде таныстырады. Кейінгі бір ай ішінде алаяқтар өздерін eGov қызметкері ретінде таныстырған 30-ға жуық дерек тіркелген.

Әдетте алаяқтар азаматтарға олардың атынан ЭЦҚ рәсімделгені немесе өзге де әрекеттер жасалғаны туралы жалған ақпарат береді. Одан кейін әңгімеге олардың сыбайластары қосылып, заңсыз несие рәсімдеудің алдын алу деген сылтаумен жәбірленушілерді өздері көрсеткен шотқа ақша аударуға көндіреді.

"2 млн теңгеден аса ақша аударып жіберген"

Осындай жағдайлардың бірінде Тараз қаласында болған. Тұрғынға белгісіз адам қоңырау шалып, өзін eGov қызметкері ретінде таныстырып, оның атына ЭЦҚ шығарылғанын айтқан.

Кейін WhatsApp арқылы басқа адамдар байланысып, оның атына жеті банктен несие рәсімделгенін жеткізген. Алаяқтардың арбауына түскен әйел үшінші тұлғалардың шоттарына 2 млн теңгеден аса қаражат аударған.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Мұндай кезде қалай әрекет ету керек?

Бас прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырды. Мемлекеттік органдар мен сервистердің қызметкерлері телефон арқылы ақша аударуды, несие рәсімдеуді немесе қаражатты қауіпсіз шоттарға аударуды талап етпейді.

"Бөгде адамдарға SMS код, құпиясөз, банк карталары мен ЭЦҚ дерегін бермеңіз, сондай-ақ, белгісіз тұлғалардың нұсқауы бойынша ақша аудармаңыз", - деп ескертті Бас прокуратура өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін интернетте өзін "емші", "көріпкел" немесе "балгер" ретінде таныстырып, азаматтарға "балаңыз қатты дуаланған" деп, оны ақылы "емдеп, дуаны қайтаруды" ұсынатын алаяқтық әрекеттер жиілегені хабарланды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!