Танымал әнші, композитор Лұқпан Жолдасов "1001 түн" бағдарламасына берген сұхбатында "Заман" тобының қалай құрылғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Композитордың сөзінше, алғашында Әсет пен Ерген үлкен сахнаға шығуға көнбей жүрген.
"Топты құру туралы ұсыныс менен болды. Мен Әсетті әуелден танимын, Әсет өзі пысық жігіт қой, жыбырлап қалған. Әсет ол кезде Алматыдағы барлық әртісті танитын, кез келгеннің жанында жүруге тырысатын, көңіл көтеріп, шаруалары болса оны бітіруге көмектесіп дегендей. Өзіме ұнайтын, "осы бала Қайрат Түнтековке азырақ келіңкірейді" деп ойлап жүргенмін. Сөйтіп қайбір жылы әуежайда тұрып, оған Алматыға кеттік пе деп ұсынып едім, ойланып тұрып, "аға тойларым бар еді" деп қалып қойды. Сөйтіп жүргенде бір күні ауылдан жігіттер қоңырау шалып, "ауылда Ерген деген жігіт бар, үш дауыста ән айтады" деді. Бұл маған қызық болды. Сомен Ергенді екеуміз бірге іздеп, нөмірін тауып, қоңырау шалсақ та хабарласа алмадық. Кейін жоқ болып кетті.
Араға уақыт салып Құлсарыға тойға бардым. Тойда бір жігіт ән шырқады, әлгі дауыс маған бірден ұнап, "жақсы айтып жатыр, мынау кім екен?" дедік те қойдық. Сосын шылым шегуге сыртқа шықтым, артымша тағы бір жігіт шықты, қарасам Ерген. Енді ол уақытта біз бір-бірімізді танымайтын едік қой. Ол жаныма жақындап, "іздеп таппай жүрген жігітіңіз мен боламын, Ергенмін" деді. Мұнда мен" қайда жүрсің?" деп ашуландым, дымын қалдырмай, жеті атасынан бері қарай сыбап-сыбап кетіп қалдым. 2011 жылы жаңа жылды қарсы алып жатқан кезде "Каспий" тобымен Атырауға әкімшіліктің жаңа жыл тойлау кешіне бардық, сөйтсем Ерген онда музыкант болып отыр екен. Мен оған тағы да ұрысып, қонақүйге кетіп қалдым. Бір уақытта Ерген қоңырау шалып, "аға қайдасыз, келейін" деді, мен ашуланып "келме" дедім. Біршама уақыттан соң қайта қоңырау шалғанда "келсең, Әсетпен бірге кел" дедім. Ерген Мейрамбек деген дос композитор жігітпен бірге келді. Екеуін отырғызып, қолдарына гитараны беріп, дастархан жайып, әнін тыңдауға көштік. Ерген ән шырқап жатқан уақытта, Әсет келді, сосын екеуі дуэт айтты. Сонымен мен "ал жігіттер, Алматыға жүріңдер" дедім. Таңғы 4-5 шамасы болуы керек, екеуі жеке куәліктерін алып келді. Ерген заттарын жинап жатса, жанына әйелі келіп "қайда барасың?" деп сұрапты, Ерген оған "Алматыға" деп жауап қатып, қызық болған. Алматыға жеткен соң, "Заман" тобы құрылды", - деді композитор.
Айта кетейік, бұған дейін "Бір қалта ақша әкеліп тұр". Лұқпан Жолдасов жас әншілердің ақша ұсынғанын айтқаны хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: «Алтын белгі» алу үшін қай сыныптардың бағаларына қарайды? «Алтын белгіден» бас тартуға бола ма?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!