"Болашақ" бағдарламасы бойынша Вашингтон университетінде тәжірибеден өтіп келген журналист, ақын Дүйсенәлі Әлімақын "Еркін сұхбат" подкастында АҚШ университеттері кітапханаларының ерекшелігін атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақын Вашингтондағы кітапханаларға таңғалғанын айтты.
"АҚШ-тағы университеттердің кітапханалары өте үлкен. Кітап қоры бай. Өзіңізге қажет кез келген кітапты үйіңізге 45 күнге ала аласыз. Ал 45 күннен кейін тағы да оқығыңыз келсе, уақытын өзгертіп, тағы да ала бересіз. Мысалы, мен осы зерттеу барысында үйге 100-ден аса кітап арқалап әкелдім. Себебі мен кітаптың иісін сезуім керек, оның ішінде қандай ақпарат бар екенін асықпай, тыныш ортада және өзіме ыңғайлы уақытта оқып, зерттеуім керек. Біз жақсыдан үйренуіміз керек. АҚШ-тың кітапханаларындағы кітапханашылар сізге барлық жағдайды жасайды. Тыныш орта керек пе, видеоға түсіруге көмектесетін адам керек пе, оның электронды нұсқасы да бар деп саған бәрін дайындап береді", - дейді журналист.
Дүйсенәлі Әлімақын кітапханалардан 90 жыл бұрынғы деректерді тапқан.
"Менің қорғауға ұсынған тақырыбым - Америка архивтеріндегі қазаққа қатысты деректер деп аталды. Йель университетінің баспасынан шыққан Альфред Хадсонның 1938 жылы жазған диссертациясы. Ол "Қазақтың әлеуметтік құрылымы" деп аталады. Мен одан кейін де қолыма басқа диссертациялар түсірдім. Біреуі - 1952 жылы Джорджтаун университетінде қорғалған диссертация. 1951 жылы АҚШ-тың ең танымал Орталық Азияны зерттеуші ғалымы Лоуренс Клевердің "Орталық Азия халықтары" деген жұмысында әсіресе түркі халықтары жайлы жазған. Олардың барлығы ашық кітап ретінде жарияланбаған. Олар университеттердің кітапханасында ішкі пайдалануға берілген. Бұларды мен қолыма түсіргеннен кейін олар не жазғанын білгім келді. Неліктен үлкен ғалымдар қазақ жайлы диссертация қорғауға құштар болғанын білгім келді. Сөйтсем, оларда бұрыннан Орталық Азияны тануға гранттар бөлініп отырған. Оларды қазақтың әлеуметі мен мәдениеті, сол кездегі құрылымы қызықтырған деп ойлаймын", - дейді ол.
Дүйсенәлі Әлімақын Америкадан Қазақстанға көпшілікке жария етілмеген, тек университеттердің кітапханасында сақталған 8 диссертация арқалап келген. Ол диссертациялардағы қазақтар жайлы тың деректерді болашақта кітап етіп шығарғысы келетінін жасырмады. Ақын тек диссертациялар емес, Вашингтон қаласындағы кітапханалардағы 70 кітаптан қазаққа қатысты мәлімет алғанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Нью-Йоркте тұратын қазақ ана Бруклиндегі мектептің ерекшелігі жайлы айтып берген болатын.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!