- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Дұрыс қырынбағаны үшін...
Дұрыс қырынбағаны үшін жазалаған: ШҚО колониясында полицейлер сотталғандарды азаптаған
Арнайы прокурорлар Шығыс Қазақстан облысындағы колонияда азаптау деректерін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Прокуратура органдарының негізгі міндеттерінің бірі - азаптауды жою.
Қадағалау органы тергеудің заңсыз әдістері мен сотталғандарға қатыгездік көрсеткені үшін кінәлі адамдарды жауапқа тартып жатыр.
Биыл ақпанда бас прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы сот Ішкі істер министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің жедел уәкілі, полиция қызметкері М.-ға қатысты Шығыс Қазақстан облысы облыстық сотының апелляциялық сатысының ақтау үкімінің күшін жойды.
Бұған дейін ол адамдарды жүйелі түрде азаптағаны үшін бірінші сатыдағы сотпен сотталып, үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылған еді.
Тергеу барысында Бас прокуратураның арнайы прокурорлары мекемедегі бұрынғы полиция басшылығымен қылмыстық жазасын өтеп жатқан адамдарға азаптау қолданылғаны туралы нақты дәлелдер тапты.
Полиция қызметкері М. өзінің қол астындағыларға сотталғандарды азаптауға рұқсат бергені анықталды.
Мысалы, сотталған адам дұрыс қырынбағаны үшін немесе мекеме қызметкерлерінің аты мен әкесінің атын ұмытып, айтпай қалғаны үшін жазалаған. Бүкіл азаптау процесі бейнекамераға жазылды.
Қазір бұрынғы полиция қызметкері М. азаптауды ұйымдастырушы ретінде сотталды.
Мұндай деректерді анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек