Салауатты өмір салтын кез келген жаста ұстану керек, ал жасыңыз 50 ден асса бұл тіптен маңызды. Әрине, адамның қалай қартаятынына түрлі сыртқы фактор да әсер етеді.
Америкалық зейнеткерлер ассоциациясы жасы 50 асқан адамдардың дұрыс қартайып жатқанын көрсететін тізім жасады.
1. Әлеуметпен байланысыңыз жақсы
Әдетте егде жастағы адамдар жұмыс істемейтін және сыртқа көп шықпайтын болғандықтан, адамдармен байланыссыз қалады. Ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жалғыздық пен әлеуметтен оқшаулану жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, депрессия және деменцияның дамуына ықпал етіп, өмір сүру ұзақтығын қысқартады. Ал өмірінде досы, туысы, көршілері, жай таныстары көп адамдар бақытты, сау және ұзақ өмір сүреді.
3. Сіз физикалық тұрғыдан белсендісіз
Егде жастағы адамдарға мейлінше көбірек қозғалу керек. Сыртқа шығып серуендеу, бақша немесе үй шаруаларымен айналысу, би, йога секілді кез келген іс жасы 50 асқан адамдарға пайдалы. Қозғалыс бұлшықет, буын және жүрек саулығын қолдап, көңіл-күйді көтереді, созылмалы аурулардан сақтайды.
3. Сіз Жерорта теңізі диетасын ұстанасыз
Бұл диета қазірдің өзінде дұрыс тамақтанудың алтын стандарты ретінде танылған. Бұған көптеген көкөніс пен жеміс, бұршақ дақылдары, жаңғақтар, дәнді дақылдар, зәйтүн майы, балық және теңіз өнімдері кіреді. Мамандардың мәліметінше, "ештен кеш жақсы" дегендей дұрыс тамақтануды бастау ешқашан кеш емес.
4. Алдыңызға қойған мақсатыңыз бар
Адамның алдына қойған мақсатының үлкен маңызы бар. Қарбалас өмір сүретін, үнемі жаңа затты үйреніп, өзіне ғана емес басқа адамдар үшін де маңызы бар нәрсемен айналысатын адамдар ұзақ және сау өмір сүреді.
Мысалы, музыкалық аспаптарда ойнау, хорда ән айту, өнер сабақтары, еріктілік, қайырымдылық жұмыстары секілді істер ағзаға түсетін стрессті азайтып, созылмалы аурулардан қорғайды.
5. Түнде кем дегенде 7 сағат ұйықтайсыз
Ұйқының қануы адамның дұрыс қартаюына оң әсер етеді. Ал ұйқының қанбауы семіздік, қант диабеті, депрессия, гипертония, жүрек-қан тамырлары аурулары және деменция қаупін арттырады. Түнде адам ұйықтап жатқан кезде ми улы заттардан арылып, зақымдалған нейрондық байланыстарды жөндейді. Ал ұйқы жетіспеушілігі бұл процессті бұзып, нейродегенеративті ауруларға әкеп соқтыруы мүмкін.
6. Әлемге деген көзқарасыңыз оң
Ғалымдар жүргізген зерттеулер нәтижелеріне сәйкес, оптимистердің пессимистерге қарағанда ұзақ және салауатты өмір сүру мүмкіндігі жоғары. Кейбір жасы 80 келген қарттар көңілді жүріп, өмірден ләззат ала алады, ал керісінше, 60 жасқа енді толған адамдар айналысынан тітіркеніп жүреді. Мұның бәрі адамның көңіл-күйіне байланысты. Кішкентай затқа таңданып, қызығушылық танытып, болашаққа оң көзқараспен қарауға қабілетті адамда деменция қаупі төмендейді.
7. Сіз адал және жауапты адамсыз
Әдетте ұқыпты адамдар кішкене ауырсынуды сезінсе, бірден дәрігерге қаралып, тағайындалған дәрілерді уақытында қабылдайды, ал алкоголь ішу, темекі шегу секілді зиян әдеттерден барынша аулақ болады. Мұндай қасиеттер ұзақ өмір сүруге септігін тигізеді.
8. Миыңыздың саулығына аса мән бересіз
Қартайған кезде интеллектуалды қабілеттің төмендейтіні сөзсіз. Ең бастысы миды үнемі жұмыс істеп тұруға икемдеп, жаңа затты үйрену арқылы оның белсенділігін ынталандыру. Бұл шет тілін, сурет салуды үйрену, музыкалық аспаптарда ойнау болуы мүмкін. Жаңа ақпарат жаңа нейрондық байланыстардың пайда болуына ықпал етіп, есте сақтау мен ойлауды жаттықтырады.
Тағы да оқи отырыңыздар: Парацетамолды күніне неше рет ішуге болады?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз