Премьер-министр Әлихан Смайыловқа Ұлттық банктің есебі ұнамай қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов биыл 9 айда инфляция баяулағанын айтты.
"2023 жылғы қыркүйекте инфляция жылдық көрсеткіштері баяулауы жалғасты. Инфляциялық процестердің жалпы позитивті динамикасын ескеріп, Ұлттық банк базалық ставканы 16 пайызға дейін 0,5 тармаққа төмендету турады шешім қабылдады. Қыркүйектің қорытындысы бойынша Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі төмендеді", - деді ол Үкімет отырысында.
Оның айутынша, жылдық инфляция 7 ай қатарынан төмендеп келе жатыр.
"Оның бүгінгі деңгейі - 11,8 пайыз. Жылдық инфляция қатаң ақша-кредит саясаты жағдайлары мен 2022 жылғы жоғары базаның аяқталуы, жаһандық инфляциялық қысым мен өндіріс шығындарының төмендеуі аясында баяулады. Инфляция құрылымында барлық компоненттің өсу қарқыны баяулады. Айлық инфляция да 0,6 пайызға дейін бәсеңдеді. Алайда айлық инфляцияның өсу қарқыны әлі де орташа мәннен айтарлықтай жоғары қалыптасып келеді", - деді Берік Шолпанқұлов.
Бірақ премьер-министрге Ұлттық банктің есебі ұнамай қалды.
"Сіз инфляцияның баяулауын өткен жылдың жоғары базасымен байланыстырып отырсыз. Бұл дұрыс емес. Инфляцияның айтарлықтай баяулауы Үкіметтің инфляцияға қарсы кешенді жұмысының арқасында мүмкін болды", - деді Әлихан Смайылов.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз