Дүниежүзінде төртінші орында болған Арал теңізі мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Аралдағы экологиялық проблема - экологиялық жүйенің құлдырауындағы айқын мысалдардың бірі. Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан теңіз XX ғасырда көлемі жағынан дүниежүзінде төртінші орында болған. Алайда 1960 жылдардан бері теңіз суы тартыла бастады.

Экологиялық проблеманың себебі қандай? 

Зерттеулерге сәйкес, Аралдағы апатқа бірнеше фактор себеп болған. Ең алдымен, жергілікті аймақтың тарихи-табиғи ерекшеліктері ескерілмеген. Сонымен қатар, тағы бір себеп - ауыл шаруашылығының дұрыс жоспарланбауы болуы мүмкін. Яғни су қоры есепке алынбаған. 

Одан бөлек, өңірде күріш, мақта дақылдары көп өсірілетіні белгілі. Бұл дақылдар күтімінде су көп қажет. Яғни теңізге қатысты экологиялық проблеманың туындауына тағы бір себеп - осы дақылдардың көп өсірілуі. Сонымен қатар, түрлі зерттеу бойынша, табиғаттағы ресурсты пайдалануда қателер жіберілген және оны меңгеру ғылыми тұрғыда негізделмеген. 

Салдарынан теңіздегі экожүйеде дағдарыс басталған. Дүниежүзілік сарапшылар мұның бәрі қолдан жасалған қате екенін айтып дабыл қақты. Арал теңізінде экологиялық апат салдарынан жыл сайын су тартылып жатыр. 

Теңіз 90 пайыз құрғап, Аралдағы тұз деңгейі күрт өскен. Көптеген балық қырылып қалды. 

Арал теңізі мәселесі туралы 1985 жылға дейін айтылмай келді 

Филип Миклин, Николай Аладин атты зерттеушілер "В мире науки" еңбегінде Кеңес үкіметі кезінде Арал теңізі мәселесі айтылмай, жасырын келгені туралы жазылған. 1980 жылға қарай теңіздегі су деңгейі түсіп кеткені соншалық, Арал Үлкен және Кіші Арал деп екіге бөлінген. Бірақ 1985 жылдары Горбачев бұл экологиялық апатты көпшілікке жария етті. 1991 жылы Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін Арал теңізі сол кезде жаңадан құрылған мемлекеттер: Қазақстан мен Өзбекстан арасында бөлінді. 


Фото: elementy.ru

Проблеманың бүгінгі көрінісі қандай?

Сарапшылар Арал теңізі біржола "жоғалды" деп санады. Алайда, Солтүстік Кіші Аралды қалпына келтірудегі жетістіктер бұл су қоймасының едәуір бөліктері экологиялық және экономикалық тұрғыдан қайтадан өнімді бола алатындығын көрсетеді. Арал теңізінің тарихы қазіргі технологиялық қоғамның табиғат әлемін және адамдардың өзін құрту қабілетінің айқын мысалы ғана емес. Ол сондай-ақ қоршаған ортаны қалпына келтіру ісінде адамның орасан зор мүмкіндіктерін көрсетеді.

Елдегі бұл экологиялық проблема Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарында. Мысалы, 699 былтыр жазда Президент Орталық Азия ел басшыларының назарын Арал теңізі және климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерге аударған болатын. Мемлекет басшысы теңіздегі ресурстарды үнемдеп пайдалануды ұсынған болатын.  

Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, былтырдың өзінде Аралда су деңгейі көтеріле бастаған. Былтырғы жағдай бойынша, теңіздегі су деңгейі 27,1 шаршы метрге жеткен. Өңірде "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" ірі жобалары іске асырылған болатын. "Ғасыр жобасы" деп аталатын бұл жобаның бірінші кезеңі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік берді.

Жобаны іске асыру барысында Солтүстік Арал теңізінің бөгеті (Көкарал бөгеті), Әйтек құрылыстарының кешені, Сырдария өзенінде қорғаныс бөгеттері салынды, Қызылорда, Қазалы қалаларының су тораптарында, Шардара және Арнасай су қоймаларының бөгеттерінде құрылыс жұмыстарының едәуір көлемі жүргізілді.

Осыған байланысты, министрлік мәліметінше, Арал теңізінің солтүстік бөлігіне құятын су көлемі ұлғайды, Арал өңірінің көптеген биологиялық түрі қалпына келтірілген. Ауыл шаруашылығы жерлерін суармалы сумен қамтамасыз ету жақсарған. 

Ал биыл Қызылорда облысының әкімдігі Арал теңізінің деңгейі былтырмен салыстырғанда тағы 48 сантиметрге артқанын хабарлады. Биыл екі айдың өзінде 803 миллион су құйылған. Осылайша, теңізде жиналған су 19,7 миллиард текше метрге ұлғайған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!