Президент V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жиында Ұлттық құраманың, спорт кешендердің, қонақ үйлер мен мәдениет орындарының дайындық барысы, сондай-ақ қоғамдық көлік, қауіпсіздік және тазалық мәселелері пысықталды.
Мемлекет басшысы Көшпенділер ойындары ұлттық спорт түрлері бойынша өткізілетін әлемдегі ең ірі жарыс екенін атап өтіп, оны жоғары деңгейде ұйымдастыру, халқымыздың терең тарихы мен мәдениетін, қонақжайлылығын көрсету, меймандар мен спортшыларға қажетті жағдай жасау маңызды екеніне назар аударды.
Кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады.
Айта кетейік, бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының өтуіне 5 күн қалды. Ойындар 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. 85 елден келетін 20 мыңнан аса қатысушы 21 спорт түрінен жарысады.
Ойындар үш бөлімге негізделген: спорт, мәдениет және ғылым. Қатысушы елдердің делегациялары спортшылардан, сондай-ақ мәдениет және ғылым өкілдерінен құралады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз