Биыл Қазақстанда алғаш рет ұлттық спорт түрлерінен әлемдегі ең ірі жарыс - Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтейін деп жатыр. Бұған дейін ол үш рет Қырғызстанда және бір рет Түркияда өткен болатын. Этникалық спорт түрлерінен болатын бұл ауқымды жарыс 7 күнге созылады және Астана қаласында 100-ден астам елден 3000-ға жуық қатысушы келеді. Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударған бұл жарыстың біздің елде өтуінің маңыздылығы мен ерекшелігі қандай? Көшпенділер ойындарының ішіндегі ұлттық ойынның бірі - садақ ату жарысына Қазақстаннан неше спортшы бағын сынамақшы? Бұл сұрақтарға Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының баспасөз қызметі жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы Қазақстанда өтетін көшпенділер ойындарының ерекшелігін атады.
"Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары осы уақытқа дейін белгілі бір аймақты қамтыса, қазіргі таңда географиясы кеңейіп, қатысушы елдер саны өсті. Қазақстанда өтетін Ойындарға Азия, Еуропа, Америка, Австралия сынды барлық материктен елдер қатысады. Соңғы жылдары Ойындар футболдан әлем чемпионаты немесе Олимпиада ойындары сияқты дәрежесі өсті. Осы уақытқа дейін фестиваль ретінде өтсе, биыл көшпелі халықтардың нағыз спорттық оқиғасы, спорттық жарысы ретінде ұйымдастырылады", - деді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының баспасөз қызметі.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары этноспорт түрлерін және ұлттық ойындарды дамытуға үлкен серпін бере алады. Бұл шара тек бір реттік іс-шара болып қалмауы керек, себебі ол ұлттық мәдениет пен мұраның маңызды бөлігі болып табылады. Ойындар арқылы халықтардың дәстүрлі спорт түрлерін жаңғыртуға, оларды заманауи қоғамда насихаттауға және жастар арасында танымал етуге мүмкіндік береді.
Этноспорт түрлері арқылы ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты арттыруға, туризмді дамытуға және спорттық шаралардың халықаралық деңгейде танылуына ықпал етуге болады. Сонымен қатар, мұндай шаралар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға да оң әсерін тигізеді.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында 21 жарыстық спорт түрінен жарыстар өтеді. Солардың бірі - садақ ату. Ұлттық спорттың бұл түрі – ата-бабамыздан қалған өнер. Бұл спорттың арқасында қазақтың ұлттық киімі, садақ, оқ жасау өнері жаңғырып келеді.
Садақ ату жарысына 35 елден 200-ге жуық спортшы қатысады. Оның ішінде Италия, Франция, Венгрия, Қырғызстан, Ресей және т.б елдер бар. Ал Қазақстаннан садақ ату жарысына 10 спортшы бағын сынап көреді.
"Біздің садақ атушыларға Түркия, Қырғыстан, Моңғолияның мергендері бәсеке тудырары анық. Франция, Италия, Испания, Қытай, Тайланд, Ираннан келетін спортшылар да өте мықты. Дегенмен, біздің спортшылар да осал емес. Жүлдеден үміттіміз", - дейді дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама бас бапкері Диас Ахметов.
Қазақстанда өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тағы бір ерекшелігі - 35 елден келетін садақшылар елімізде шығарылатын жебелерді қолданады. Бұған дейін жебелер Түркиядан және Ресейден тапсырыспен алынатын.
"Осы уақытқа дейін ұлттық құрама құрал-жабдықтардың басым бөлігін Түркия, Мажарстан, Ресейден тапсырыс беріп алдыртатын. Кейінгі жылдары еліміздегі өндіріс те жолға қойыла бастады. Алдағы Көшпенділер ойынына отандық өнім "Алтын жебе" атты цехтың шығарған оқтарын қолданамыз. Сол үшін халықаралық стандарттарға сай жасалған 2000-нан аса оқ дайындап қойдық", - дейді дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Ербол Тапенов.
Садақ ату жарысының бір талабы - қатысушының дәстүрлі киім киюі. Алайда киім үлгісі ұпай санына әсер етпейді.
"Киім үлгісі ұпай санына әсер етпейді. Тек спортшыға сенімділік ұялатады. Батылдық береді. "Елдің намысын қорғап отырмын" деген рух береді", - деді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығында.
Садақ ату адамның бойындағы мергендік, шыдамдылық пен табандылық секілді қасиеттерді дамытады. Сондай-ақ ол алға қойған мақсатқа жетуге үйретеді. Мамандар садақ атудың адам денсаулығына өте пайдалы екенін айтады.
Еске салайық, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында садақ атудан жарыс 9-13 қыркүйек аралығында (10:00-19:00) "Арғымақ" ат-спорттық сауықтыру кешенінде өтеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз