Дүниеден өткен адамның атынан құрбандық шалуға бола ма? Massaget.kz тілшісі ҚМДБ ресми ақпаратын ұсынады.
Дүниеден озған адамның атынан сауабын бағыштау ниетімен құрбандық шалуға болады. Бірақ құрбандық шалуға міндеттелген адам ең әуелі өз атынан құрбандық шалуы тиіс.
Өлген адам үшін құрбандық шалғысы келген адам мұны Құрбан айт күндері шалуы керек. Құрбандықтың етінен құрбандық шалған адамның өзі және басқалары да жесе болады.
Егер құрбандық шалуды қайтыс болған адам өсиет етсе, бұл құрбанның етін мұрагерлері жей алмайды, бәрін түгелдей кедейлерге таратып беру керек.
Еске салайық, келесі аптада мұсылмандар үшін маңызды діни мерекелердің бірі - Құрбан айт тойланады. Араб тілінен аударғанда бұл атау "құрбан шалу мерекесі" дегенді білдіреді. Бұл күні мұсылмандар жануарлардың бірін құрбандыққа шалады, яғни қой, сиыр, қошқар немесе түйе құрбан ретінде шалынады.
Құрбан айт Ораза аяқталғаннан кейінгі 70-күні үш күн бойы тойланады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні ғана демалыс күні саналады.
Мерекенің бірінші күні сәрсенбі, яғни 28 маусымға сай келеді. Тиісінше, бұл күн демалыс күні болады (бес күндік және алты күндік жұмыс апталары үшін). Бұл ретте демалыс күні ауыстырылуына байланысты сенбі (1 шілде) жұмыс күні болады.
Үкімет Астана күнін мерекелеу үшін демалыс күнін ауыстырды. 2023 жылы жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында демалыс күні сенбі, 1 шілдеден жұма, 7 шілдеге ауыстырылды. Нәтижесінде қазақстандықтар елорда күніне төрт күн демалады: 6, 7, 8, 9 шілде.
Бұған дейін эпидемиологтар Құрбан айт қарсаңында қазақстандықтарға ескерту жасаған болатын.
Құрбан айтты мерекелеу кезінде Алматының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері мал сою және сату пункттерінде санитариялық нормаларды сақтауды ұсынады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!