- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Дүниеден өткен адамның...
Дүниеден өткен адамның атынан құрбан шалуға бола ма? Маңызды 10 сұрақтың жауабы
9 шілде - Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні. Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу міндет саналады. Massaget.kz тілшісі құрбандық шалуға қатысты маңызды сұрақтарға жауап береді.
"Құрбан" араб тілінде "жақындау" деген мағынаны білдіреді. Демек, мейіріміне лайықты ізгі істер жасау арқылы Жаратқанға жақындау. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы - Алла Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен белгілі бір уақытта ереже-шарттарын ескере отырып мал шалу.
Құрбан шалу - Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ, мұсылман шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне таратады, кедейлердің де аузы қызылға тиеді. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.
Құрбан шалу құлшылығы адамды ақыретте сый-сыяпатқа, мол сауапқа кенелтеді.
Құрбан шалу арқылы Алланың әміріне бойұсынуды және сабырлықты үйренеміз. Ибраһим мен Исмайыл пайғамбардың Алланың әміріне бойсұнғанын әрі бекем тұрған оқиғасын еске алар болсақ, олардың Аллаға деген бойсұнуы мен махаббаты барлық нәрседен жоғары тұрғанын байқаймыз. Әрине, бұл Алланың әміріне бойсұнуымызға ынталандырады әрі сабырлы болуға жігерлендіреді.
Құрбандық етінен отбасына, жақын туыстарына, көршілеріне, достарына және мұқтаж жандарға үлестіру мұсылмандардың арасында махаббат пен сүйіспеншілікті арттырады. Бір малын қиып, кедей және мұқтаж бауырларына жәрдем беру арқылы жаман қылықтарын бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады. Шариғатымызда мұндай істерді істеу талап етіледі әрі жақсы саналған амал саналады.
Ханафи мәзһабы бойынша құрбан айт күндері құрбан шалу муқим (жолаушы емес), жағдайы бар, азат мұсылман адамға міндет болады.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары бұл ғибадаттың мәнін сұрағанда: "Құрбан шалу - Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) бабаларыңның салып кеткен жолы. Құрбандыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар", - деп жауап берген.
Ханафи фиқһ ғалымдары бұл бұйрықтың мұсылман үмбетіне де қатысты екенін айтып, құрбан шалуды уәжіп (міндетті құлшылық) ретінде қарастырған.
Негізінде, әрбір іс міндетті түрде ниет етумен басталады. Кейбір ғибадаттарда нақты ниет етілмесе, көзделген мақсат орындалмай, жай бір әрекет болып қалуы мүмкін.
Құрбан шалғанда былай ниет ету сүннет: "Бисмилләһи, Аллаһу акбар! Уа, Жаратқан Ием! Мына құрбандықты Сен маған рызық етіп бердің. Мен оны Сенің разылығың үшін құрбан етемін. Бұл құрбандықты менен қабыл ет!". Басқа сөзбен айтса да немесе "Бисмилләһи, Аллаһу акбар" деп қысқа қайырып қоюға да болады.
Қайткенде де ниет құлшылық етушінің санасын бөтен ойдан таза ұстап, дене қимылы мен ақыл-ойының біртұтастығына жетіп, ғибадатын ықыласпен атқаруға мүмкіндік береді.
Құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі.
Біріншіден, бұл пенденің Жаратушы Иесіне деген жоғары деңгейдегі әдептілік қарым-қатынасын көрсетеді. Құрбандықтың еті де, қаны да Алла Тағалаға қажет еместігі, Оған тек пенденің тақуалығы ғана жетіп баратыны белгілі. Осы орайда пенде құрбандық үшін сау, айыпсыз малды іздеп табу арқылы тақуалыққа әрекет етеді.
Екіншіден, осы арқылы кедейлердің жабырқаңқы көңілдері көтеріледі. Оларға жарамсыз, кемшілігі бар малдың етін емес, ең әдемі малдың етін сыйға тарту жақсы іс саналады. Олар өздерін құрметті адам ретінде сезіне бастайды.
Сондықтан, құрбандық дұрыс болу үшін бауыздалатын малға қатысты шариғатымызда мынадай талаптар қойылады:
1. Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалу. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды.
Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал, түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Бұған Жабирдің (одан Алла разы болсын) "Алла Елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан және бір қарамалды жеті адамның атынан бауыздадық" деп айтқан сөзі дәлел. Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу болу керек.
2. Кемшілігі жоқ, мінсіз малды құрбандыққа шалу. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес.
3. Белгілі жасқа жеткен малды құрбандыққа шалу. Қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт. Бір жасқа толмаған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Дегенмен сақтық ретінде бір жасқа толған қойды шалған абзал.
1. Құрбандыққа семіз әрі әдемі малды таңдау. Қойдың піштірілген қошқарын, ірі қара мал мен түйенің ұрғашысын бауыздаған абзал.
2. Мал иесінің өзі союы немесе жақсы соятын адамға тапсыру. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатиманың атынан құрбандық шалғанда, құрбандықтың алдында тұруды өтінген және бауыздап жатқан малдың бірінші қаны тамған бойда бұрынғы күнәларының кешірілетінін айтқан.
3. Малды бауыздап жатқанда дұға оқу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан дұға оқып, бауыздаған жақсырақ:
"Ғибадатымды жер мен аспанды жаратқан Аллаға шын ықылас етіп, толық мойынсынып, ниет еттім. Мен Оған ешкімді серік қоспаймын. Менің намазым мен ғибадаттарым, расында, бүкіл әлемнің иесі – Алла Тағала үшін, өмірім мен өлімім де - Оның қалауында. Оның серігі жоқ. Мен соған бұйырылдым. Мен мұсылмандарданмын".
4. Құрбандық малды қинамай, алдын ала дайындалған өткір пышақпен жеңіл түрде бауыздау керек.
Малды өтпейтін пышақпен қинап сою - мәкруһ. Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды.
5. Айт күні таңертең тамақ ішпей, сойылған құрбандық етімен ауыз ашу - сүннет.
Дүниеден озған адамның (марқұмның) атынан сауап ниетінде құрбан шалуға болады. Бірақ, мойнына құрбан шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуға тиісті. Әли (Алла оған разы болсын) біреуін өзі үшін, екіншісін Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) атап екі құрбандық шалған.
Қайтыс болған адам үшін құрбан шалғысы келген адам оны құрбан айт күндері орындауы шарт. Құрбандық етінен құрбан шалған адамның өзі де, басқалар да жесе болады.
Егер құрбан шалуды қайтыс болған адам өсиет етсе, құрбандық етін оның мұрагерлері жей алмайды. Құрбандықты түгелдей кедей мен мұқтаждарға таратып беру керек.
Шариғат бойынша бір адам өзінің атынан басқа бір адамды белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені, адам баласы кейбір жағдайларда бір істі орындауға жарамай қалуы мүмкін.
Бұған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизамға (одан Алла разы болсын) құрбандық сатып алуға тапсырыс берген оқиғасы дәлел.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизамға бір динар беріп, оны құрбандық малын сатып алуға жібереді. Әлгі сахаба бір динарға құрбандық малын сатып алады. Сосын оны екі динарға сатып жібереді. Сөйтіп, қайтады да, бір динарға құрбандық малын сатып алады. Артық бір динарды Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкеп береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі бір динарды садақа етеді де, сахабаның саудасына береке тілейді.
Сондықтан, құрбандықты үйінен шықпай біреу арқылы орындауға да болады. Яғни, құрбан шалуға ниет еткен адам өзіне бір сенімді адамды уәкіл етіп тағайындайды да оған құрбандықтың ақшасын беріп, малды сатып алуды, бауыздауды, етін бөлшектеп таратуды тапсыра алады. Шариғатта бұл қарым-қатынас "уакалат" деп аталады. Қазіргі таңда қала тұрғындарының осы тәсілмен құрбан шалуы тиімді әрі қолайлы.
Ханафи мәзһабы бойынша құрбан айт күндері құрбан шалу дәулетті, муқим (жолаушы болмаған), азат мұсылманға - уәжіп.
Тағы бір хадисте:
"Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын. Ал кім шалмаған болса, Алланың есімімен бауыздасын", - делінген.
Сондықтан біздің мәзһабта құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу - міндет.
Алайда сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Өйткені уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді.
Демек, құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап қан шығаруы тиіс.
Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты одан алдын немесе кейін шалуға болмайды. Уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Ол құрбандық болып есептелмейді. Ал уақытынан кейін шалса, оның етін садақа ету уәжіп болады, одан өзі жемейді.
Құрбан шалу уақыты айт намазы оқылатын жерлерде айт намазынан кейін, ал айт намазы оқылмайтын ауылдарда таң атқаннан соң басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.
Қалалық жерде тұратын адам құрбандығын шалу үшін оны айт намазы оқылмайтын бір ауылға жіберсе және құрбандық сол ауылда таң атқаннан кейін шалынса, дұрыс болады. Өйткені құрбандық иесінің тұратын жері емес, құрбандық шалынатын жер есепке алынады.
Қатты суық, тасқын су, қалың қар және басқа да дәлелді себептермен айт намазы оқылмай қалса, құрбандық малы шамамен айт намазы оқылатын уақыт өткеннен кейін, яғни, күн шыққан уақыттан бір сағат өткізіп шалынады.
Бір күнді айт күні деп есептеп, адамдар сол күні айт намазын оқыса және құрбандық шалса, сосын оның арапа күні екені анықталса, оқыған намазы және шалған құрбандығы дұрыс болады. Ал құрбан айт күнінің келмегенін біле тұра шалған құрбандығы жәй садақа болып қалады. Қазақ дәстүрінде орындалатын "шектік рәсімі" осыған ұқсас.
Құрбандықты күндіз де, түнде де шалуға болады. Дегенмен түнде құрбан шалу мәкруһ делінген. Сондай-ақ, құрбандықты айттың бірінші күні шалған - абзал.
Деректер qurban2022.kz сайтынан алынды
Е. Төлеш