“Дүкенге де бармаймын“. Прокурор Аймағанова Бишімбаев ісінен кейін өмірі қалай өзгергенін айтты

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы болған Айжан Аймағанова қоғамда резонанс тудырған істен кейін өмірі қалай өзгергенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол "Әйел әлемі" бағдарламасына берген сұхбатында бөлісті. 

Үлкен талқыға түскен істен кейін танымал болған прокурор Аймағанова көшеде жүргенде елдің бәрі танып, түрлі реакция беретінін айтты. 

"Мектептегі ата-аналар мені көріп, "Айжан ханым, сіз қарапайым адам екенсіз" дейді. Мен оларға "иә, мен де қарапайым ата-анамын" деп күліп жауап беремін. Қазір мен дүкенге де бармаймын. Нанға, сүтке бару керек болса, қыздарыма айтамын. Өйткені көрген адамдар суретке түсейік деп өтініш білдіреді. Мен жұлдыз емеспін ғой. Мен жай ғана прокурормын. Сондықтан бұл маған ыңғайсыз жағдай", - дейді ол. 

Сондай-ақ ол үйде қарапайым ана екенін, күнде таңертең балаларын мектепке таситынын айтты. Десе де, жұмыстың қарбаластығымен кейде үй шаруасына үлгере алмай кететінін де қоса кетті. 

"Үйде балаларыма анамын, жұбайымның жарымын. Күнде таңертең екі баламды мектебіне тасимын. Бір баламды жолдасым апарады. Жұмысым оңай емес екенін бәріңіз білесіздер. Кейде тым қарбалас жұмыстан үй шаруасына да қолым тимей кетеді", - деді ол. 

Еске салайық, 13 мамырда Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот ісі аяқталған болатын. Айжан Аймағанова аталмыш іс бойынша мемлекеттік айыптаушы қызметін атқарды. Сот Ұлттық экономиканың экс-министрі Қуандық Бишімбаевты жұбайын азаптағаны және өлтіргені үшін кінәлі деп тапты. Ол 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оның ағасы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

26 маусымда сот алқасы Бишімбаев пен Байжановтың апелляциялық шағымы бойынша шешім қабылдап, олардың үкімдерін өзгеріссіз қалдырды.

Ал 6 тамызда Қуандық Бишімбаев үкімді жеңілдету үшін күресін жалғастырып жатқаны белгілі болды. Бұл туралы ақпарат сот кабинетінде бар.

Жақында Бишімбаевтың "қашып кеткені" туралы ақпарат тарауына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Кейін ақпарат жоққа шығып, оның жазасын қайда өтеп жатқаны белгілі болды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!