Астанада заңсыз ет өңдеу цехының қызметі тоқтатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елордада жүргізілген жедел профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жеке тұрғын үйлердің бірінде заңсыз жұмыс істеген ет өнімдерін өңдеу цехын анықтады.
Тексеріс барысында өндіріс ешқандай рұқсат құжаттарынсыз жүзеге асырылғаны белгілі болды. Дайын өнімдер қаланың жеке дүкендері мен дәмханаларына жеткізіліп отырған.
"Тексеріс кезінде шығу тегі мен сапасы белгісіз үш тоннадан аса ет өнімі анықталды. Сондай-ақ, өнімдер санитария талаптарын өрескел бұза отырып өндірілгені және сақталғаны белгілі болды. Температура режимі сақталмаған, ет антисанитариялық жағдайда сақталған. Өнімнің бір бөлігі бүлінген: өткір жағымсыз иіс шыққан, шыбындар қаптаған және тағам ретінде пайдалануға жарамсыз екенін көрсететін өзге де белгілер анықталған. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде анықталған барлық өнім жойылды", - деді полиция.
Заңсыз цех иелері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!