- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Дүкен сөрелерінде неге...
Дүкен сөрелерінде неге Ресейдің тауарлары көп? - Министрлік өкілінің жауабы
Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев неге еліміздегі дүкен сөрелерінде ресейлік тауарлар көп екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елікбаевтың сөзінше, сүт, шұжық сынды өнімдердің 90-95 пайызы отандық кәсіпкерлерден өнімдері.
"Көп тұтынылатын тауарларды алатын болсақ, мұндағы отандық өнім үлесі айтарлықтай деңгейде. Сүт, шұжық сынды өнімдердің 90-95 пайызы отандық өнімдер. Бірақ жекелеген тауар түрлері бойынша отандық өнім үлесі аздау екені рас. Мысалы, ірімшік өнімін айта аламыз. Бұл өнім бойынша бізде өндіріс соншалықты дами қоймаған, сол себепті импортта ірімшік үлесі басым", - деді Елікбаев ОКҚ-да өткен брифингте.
Спикер жекелеген тауарларға қарап, дүкен сөрелеріндегі импорттық өнімдер үлесі артып кетті деу дұрыс емес дейді. Сондай-ақ Елікбаев отандық өнімнің үлесін көбейту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады.
"Мемлекет субсидия беріп, отандық өндірушілерге қолдау көрсетеді. Ал импортты қадағалау мақсатында өткен жылы жедел штаб құрылды. Бүкіл қадағалау органының күш бірікітіріліп, заң негізінде ипорттық тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін тексеруді қолға алды. Бірінші кезекте кейбір жекелеген импорттық тауарлардың елге кіруіне шектеу қойылды. Естеріңізде болар, көрші елдің кейбір сүт өнімдерінен кемшіліктер анықталып, кіргізуге тыйым салынды. Онымен қоса, күшейтілген лабораториялық тексеру режимі енгізілді. Қазіргі таңда шетелден кіретін балға тексеру жүргізіліп жатыр. Егер мұндай өнімдерден кемшілік анықталса, олардың елге кіруіне тыйым салынады", – деді Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Ордабаев