Желіде әнші Бағлан Әбдірайымовты күзетшілер күштеп ғимараттан шығарып жатқаны түсірілген видео тарады, - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.
Видеоны Facebook-парақшасында Азат Дидарбек атты қолданушы жариялаған. Кадрларда екі күзетші Бағлан Әбдірайымовты екі қолынан ұстап, күштеп сыртқа шығармақ болып жатқаны көрінеді. Ал әншінің өзі болса, оларға бой бермей күш көрсетіп бағады. Видеодан әншінің: "Сен мені танымадың ба? Духың көп па сонша?" - дегені де естіледі.
Желідегі видеоға пікір білдіргендер қарасы да көп. Олардың көбісі видеоның шынайы екеніне күмәнмен қарап, әнші мұндай әрекетке барады дегенге сенбеген. Кейбіреулері мұның кино болуы мүмкін екенін айтса, кейбірі видеодағы Бағлан Әбдірайымов емес деген пікір қалдырған.
Бірақ, кейін бұл кадрларды әншінің өзі де Instagram-парақшасындағы Stories-те жариялап, өзі жазған кітаптың негізінде фильм түсіріліп жатқанын айтқан.
Әншінің айтуынша, түсірілім Қонаев қаласында өткен.
"Қапшағайды бітірдік. Қазір көлікке жарық қойып жатыр. Қалған түсірілімдер қалада", - дейді әнші.
Еске салайық, 2019 жылы Бағлан Әбдірайымов "Ақ пен қара" атты кітабын шығарған болатын. Әншінің айтуынша, онда қоғамдағы басты дерттердің бірі - құмар ойын мәселесі қозғалған.