Мемлекет басшысы "Болашақ ойындары - 2026" сайысының ашылу салтанатында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ең алдымен, бәріңізге елордамыз - Астанаға шын жүрегіммен қош келдіңіздер деймін! Бүгін біз "Болашақ ойындары - 2026" халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл - елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын мағынасы айрықша тарихи іс-шара. Дүбірлі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл - зор мәртебе", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Қазақстанға және спортшыларға арнайы құттықтау жолдағанын айтты.
"Ыстық ықыласы үшін Ресей көшбасшысы Владимир Владимирович Путинге зор ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі салтанатты рәсімге Тәжікстан президенті Эмомали Шарипович Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Миромонович Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Нургожоевич Жапаров қатысып отыр. Бауырлас елдердің басшыларына және ресми делегация жетекшілеріне алғыс айтамын. Баршаңызға мәлім, "Болашақ ойындары" - Ресейдің бастамасымен жүзеге асқан жоба. Бұл жобаның сәтті іске асуы президент Владимир Путиннің арқасы деуге толық негіз бар. Аз уақыт ішінде бұл жарыс жаһандық деңгейдегі сайысқа айналды. Бірінші дода Қазан қаласында өтіп, содан кейін Абу-Дабиде жалғасын тапты", - деді Мемлекет басшысы.
Президент Астанаға 800-ге жуық спортшы келгенін мәлімдеді.
"Бүгін бәріміз Ұлы дала төсінде бас қосып отырмыз. Елордамызға 30-дан аса мемлекеттен 800-ге жуық спортшы келді. Астанадағы "Болашақ ойындары" классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал қозғалысқа тың серпін береді деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
️Президент сөз соңында осы тамаша спорт мерекесін өткізуге атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.
"Ұйымдастырушыларға, серіктестерге, төрешілер мен бапкерлерге, тиісті мамандарға және еріктілерге алғыс айтамын. Бұл ойындар халықтарымыздың тамыры терең достығын бекемдейді, береке-бірлігін арттыра түседі деп сенемін. Спортшыларға сәттілік тілеймін! Біз сіздерден тартысты ойын күтеміз. Ендеше, "Болашақ ойындары - 2026" сайысын ашық деп жариялаймын!" - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана қаласында алғаш рет киберспорт пен спорттың дәстүрлі түрлерін және жаңа технологияны ұштастырған халықаралық турнир өтеді.
Биылғы сайысқа 34 елден келген 800-ден аса спортшы қатысады. Астанадағы турнирде спортшылар фиджитал футбол, фиджитал баскетбол, фиджитал жекпе-жек, фиджитал шутер, фиджитал би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds секілді 8 бағыт бойынша күш сынасады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!