️Қазақстандық арнайы бөліністердің командалары БАӘ-ден елге оралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Элиталық турнирдің жүлдегерлері мен қатысушыларын елорда әуежайында жақындары, әріптестері, сондай-ақ күштік құрылымдардың басшылығы салтанатпен қарсы алды.
polisia.kz
"Жауынгерлеріміздің жетістігі - бұл жеке жеңістері ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі. Бұл еліміздің күштік құрылымдарының қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша міндеттерін тиімді орындауға әрдайым дайын екендіктерін көрсетеді. Сіздер баршаға өз күштеріңізді, төзімділік пен кәсібиліктеріңізді көрсетіп, әлемдік деңгейде арнайы бөліністердің элитасы арасында еліміздің позициясын нығайттыңыздар", - деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Бес күн бойы өткізілген арнайы жасақ арасындағы олимпиада әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ден астам команданы біріктірді. Қазақстанның күштік құрылымдарының атынан 12 команда қатысты.
Дубайда өткен халықаралық SWAT Challenge жарысы өз мәресіне жетті. Бұл сайысқа әлемнің 80 елінен 100-ден аса арнайы жасақ бөлімшесі қатысып, бес күн бойы тактикалық, штурмдық, құтқару операциялары, кепілдегі адамдарды босату және кедергілер жолағын еңсеру бойынша өз шеберлігін көрсетті.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің "Сұңқар" арнайы жасағы барлық кезеңде жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы есепте күміс жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар Қазақстанның өзге де арнайы жасақ бөлімшелері үздік ондыққа кірді. Олардың қатарында ҚР ҰҚК "Арыстан" және "SSN Aktau", МКҚ-ның "Сардар" арнайы жасағы, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан құрамасы бар.
Айта кетейік, "Сұңқар" командасы алғашқы және үшінші кезеңдерде бірінші орын иеленді. Нәтижесінде екі алтын және жалпы қорытынды бойынша күміс медаль алып, жетістікке жетті. Команда бұл жарысқа осымен екінші мәрте қатысып жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!