Дубайда тұратын қазақстандықтарға үндеу жасалды

Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы сол жақта тұрып жатқан қазақстандықтарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазір Біріккен Араб Әмірліктері аумағында аз уақытқа келген немесе транзитпен өтіп бара жатқан қазақстандық көп. Қалыптасқан жағдайда оларға уақытша көмек пен қолдау қажет болуы мүмкін. Егер сізде көмек көрсетуге мүмкіндік болса (уақытша орналастыру, тамақтандыру немесе өзге де елеулі көмек), төменде көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарлауыңызды сұраймыз. Сондай-ақ, қиын жағдайға тап болған Қазақстан азаматтарын білсеңіз, бұл туралы дипломатиялық өкілдіктерге хабар берулеріңізді өтінеміз", - делінген әлеуметтік желілерде жарияланған үндеуде.

Байланыс үшін мына телефон нөмірлері көрсетілген:
+971 50 508 5226, +971 2 449 8778 (Қазақстанның Әбу-Дабидегі елшілігі);
+971 50 570 1978, +971 4 547 5784 (Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы).
Көрсетілген көмек, жауапкершілік және қолдау үшін алғыс білдіреміз.

Ал Air Astana әуекомпаниясы Таяу Шығыста жүрген 735 жолаушыны өз есебінен қонақүйлерге бір тәулікке орналастырғанын хабарлады.

"Әрі қарай уақытша қалу, заңгерлік көмек алу немесе елге қайтару мәселелерін шешу үшін жолаушылар жақын арада Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланған шетелдегі мекемелердің жедел байланыс желілеріне хабарласуы қажет", - деп мәлімдеді әуекомпания.

Бұған дейін әуе кеңістігінің жабылуына байланысты қазақстандықтар Дубайдан ұшып келе алмай отырғаны хабарланды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!