- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Дубайда мүлкі бар...
Дубайда мүлкі бар шенеуніктерге қатысты тергеу жүріп жатыр – Прокуратура өкілі
Дубайда дүние-мүліктері бар қазақстандық шенеуніктерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл туралы кулуар қабырғасында ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлім етті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналистер шенеуніктердің Дубайда мүліктері бар екендігі жөніндегі ақпараттар бойынша қандай шаралар қабылданатынын сұрады. Ғалымжан Қойгелдиев бұл мәселенің ведомство бақылауында екенін атап өтті.
«Бірқатар шенеуніктердің заңсыз мүлік жинақтауы мен шетелде жасырынып жүрген тұлғаларға қатысты тергеу амалдары Эмиратпен бірлесіп жүргізілуде. Мұндай тергеулер ұзақ уақытты талап етеді, кейбір процестер бір жылдан астам уақытқа созылуы мүмкін», – деді ол.
Қойгелдиевтің айтуынша, бұл іс бойынша салық қызметі, қаржы мониторингі агенттігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп жұмыс істейді.
«Біз бақылауды күшейтіп отырмыз, бірақ толық мәліметтерді жария етуге құқығым жоқ», – деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары.
Осыған қоса, ведомство өкілдері шетелге заңсыз шығарылған қаражат пен мүлікті қайтару бойынша жұмыстардың жалғасып жатқанын хабарлады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет