- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ДСҰ коронавирус пандемияcы...
ДСҰ коронавирус пандемияcы аяқталғанын мәлімдеді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 пандемияcының аяқталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ұйымның бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус брифинг барысында мәлімдеді.
"Бір жылдан астам уақыттан бері пандемия бәсеңдеп келеді, халықтың вакцинациялар мен инфекцияларға қарсы иммунитеті артып, өлім-жітім төмендеді және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақ жеңілдеді. Бұл тенденция көп елге бұған дейінгі өміріне оралуға мүмкіндік берді. Кейінгі бір жылда Төтенше жағдайлар комитеті мен ДДҰ деректерге мұқият талдау жасады. Кеше комитет 15-рет жиналып, маған халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайдың аяқталуын жариялауды ұсынды. Мен бұл кеңесті қабылдадым", - деді ол.
Ол вирустың ешқайда кетпейтінін, ауру мен өлім-жітімнің жаңа толқындарын тудыратын жаңа нұсқалардың пайда болу қаупі бар екенін айтты. Сондықтан ол мемлекеттерді сақтықты бәсеңдетпеуге үндеді.
Еске салайық, 2020 жылғы 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясының таралуын пандемия деп таныған еді.
Пандемия - бір елдің тұтас аумағын, іргелес мемлекеттерді, кейде тіпті дүниежүзінің көп елін қамтитын айрықша күшті эпидемия. Бұл - белгілі бір індеттің тұтас бір халыққа жаппай жұғуы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұның алдында 2009 жылы тұмау вирусының H1N1 серотипінің ("шошқа тұмауы") таралуын пандемия деп жариялаған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан