Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева аккредитацияға қатысты наразылық білдірген БАҚ өкілдеріне жауап берді. Министр журналистерден брифингтерде қосымша сұрақ қоймай, этика ережелерін сақтауды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тілшілерді министрлік бір медиа ұйымның атынан тіркелген тілшінің ақпаратты бірнеше БАҚ-қа таратқанын қалай анықтайтыны алаңдатты. Сонымен қатар тілшілерді бұл өзгерісті ақпаратты әлеуметтік желіге таратуға да шектеу ретінде қабылдауға бола ма деген сауал мазалады. Министр сұраққа қысқаша жауап берді:
"Ережелер қалай жұмыс істейтініне қарайтын боламыз, сәйкесінше қорытынды жасалады. Мен драма жасауға бейім емеспін", - деді Балаева.
Оның пайымдауынша, заңда ережелер нақты жазылған, талаптардың орындалуы маңызды. Сонымен қатар ол журналистер тарапынан да, мемлекеттік қызметшілер тарапынан да этиканың сақталуын қалайтынын айтты.
"Бүгін жаңа есеп басталды деп санайық және журналистер мен мемлекеттік қызметшілер арасында мен арбитрмін. БАҚ пен мемлекеттік қызметшілер арасындағы диалогқа барынша ықпал етемін", - деп уәде берді министр ханым.
Айта кетейік, Қазақстандағы Масс-медиа туралы жаңа заң 2024 жылдың 19 тамызынан бастап күшіне енді. Журналистер арасында үлкен дау тудырған жаңа заңның негізгі өзгерісі — аккредитация ережелерінің күшейтілуі. Енді журналистерге ақпаратты тек өздері аккредиттелген бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ғана тарату міндеттеледі (11.1-тармақ). Бұл бұрынғыдай бір ақпаратты бірнеше редакцияға тарату мүмкіндігін шектейді.
Сонымен қатар журналистер аккредиттеуші ұйымдардың іс-шараларының регламенттерін қатаң сақтауға тиіс. Егер журналист осы регламенттерді бұзып, тақырыпқа қатысы жоқ қосымша сұрақтар қойса немесе басқа тәртіп бұзушылықтар жасаса, ол алты айға дейін аккредитациядан айырылуы мүмкін.
Осы жағдайларға байланысты Аида Балаева заңгерлердің қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізуді жоспарлап отыр. Онда журналистердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ заңның қолдану ерекшеліктері кеңінен түсіндіріледі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!