Нашақордың бет-бейнесі қандай деген сұраққа жауап бере аласыз ба? Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде тіпті әдемі киінген, бет-әлпетінде аса өзгеріс байқалмайтын адам да есірткі қолдануы мүмкін. Демек олар жанымызда, автобуста жүріп, тіпті әріптесіміз не жақын досымыз болуы мүмкін.
Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтар аясында Алматыдағы наркоорталықтың басшысы Сапар Құттыбайұлымен сұхбаттасты.
Дәрігердің айтуынша, қазір сыптай киінген адам да есірткі қолданып жүруі мүмкін. Демек, "нашақордың бәрі әлеуметтік жағдайы төмен, алба-жұлба жүреді" деген таптаурын ескінің әңгімесі.
"Оның бізден айырмашылығы жоқ. Кейбіреулері есірткі қолданатын адам әлеуметтік жағдайы нашар адам деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде ондай емес. Ондай адамдар бізбен бірге автобуста, жұмыста, қоғамдық орындарда жүруі мүмкін. Қазір есірткіге ақшасы бар, әлеуметтік жағдайы жақсы, жақсы киінген адамдарды отырғызуға тырысады. Себебі олардың қаражаты бар, оны пайдалану қиынға соқпайды. Егер адам есірткіні көп қолданса, әрине, сырт келбеті өзгере бастайды. Біріншіден, өзінің жасына сай келмей, тез қартаяды. Екіншіден, олар есірткіні табу үшін түрлі ұрлыққа барады, сырт киіміне, келбетіне көңіл бөлмей бастайды. Олардың мақсаты - есірткі іздеу. Сөйтіп күтінбей кетуі мүмкін. Бізде жасы 60-70 жасқа жетіп қалған емделушілер бар. Олардың арасында сыптай киінген, өздерін таза ұстайтын, шалбары үтіктелген, көйлегі қыржым емес адамдар бар", - деді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, нашарқордың жынысы, жасын, әлеуметтік жағдайын дөп басып айту мүмкін емес. Қазір синтетикалық есірткі жас талғамайды. Қазір тіпті 40-60 жастағылардың арасында да синтетикалық есірткіге тәуелділері де бар.
Сонымен нашақордың имиджін қалыптастырсақ:
"Кез келген адамға "бір көргеннен тәуелді болмаймын" деген ой келеді. Шын мәнісінде, ол - қате түсінік. Бір көргеннен психологиялық тәуелділік пайда болады. Адам сол кезде бастан кешкен рахаты мен ләззатын қайта кешкісі келеді. Сондықтан бұдан аулақ болу керек. Есірткіні тарататын, жарнамалайтын адамдар кез келген нәрсеге барады. Олар "бұл менің туысқаным-ау, бауырым-ау, біреудің баласы-ау" дегенге қарамайды. Оларға тарату керек болса, олар түрлі әдіспен, жолмен таратады", - деді ол.
Дәрігер есірткіні сату техникасын түсіндірді. Есірткіні таратушылар алдымен тегін беріп арбайды.
"Бара-бара есірткінің дозасы көбейеді, ол дозаны алу үшін көп ақша керек болады. Ал ақшаны табу үшін олар бәріне барады: ұрлыққа барады, үйіндегі барын сатады. Есірткіге тәуелділерде адами құндылықтар жоғала бастайды. Олар, ең алдымен, өзінікін кез келген жолмен тауып алуға тырысады. Өзінің ғана жағдайын жасайды. Отбасы, ата-ана, жақын адам дегендер екінші жоспарға кетеді", - дейді дәрігер.
Есірткіні қолданған адамның нерв жүйесі зақымдалады. Бұдан басқа, есірткіге тәуелді адамда мынадай симптомдар болады:
"Олардың ойлау қабілеті тежеліп, есте сақтау төмендейді, ашушаң болып, сіркесі су көтермейді. Бұрын өтірік айтпаса, қазір екі сөзінің бірі өтірік болады. Сондай өзгерістер пайда болады. Есірткінің тағы бір жаман жері бала 14 жаста бір рет көрсе, сол деңгейінде қалып қояды. Есірткі адам организіміндегі өсу, таным сынды қабілеттерді тежеп тастайды. Қалыпты жағдайда ағзада дәрумендер қоры болады. Ал есірткі қолданған кезде ағза 2 есе артық жұмыс істейді, сондықтан қор бірден іске асып кетеді. Есірткіге тәуелді адамдардың тез қартаятыны содан. Жүйке жүйесі, ас қорыту, қан айналымы бұзыла бастайды. Сондықтан мұның кесірінен қосымша аурулар қосылады. Есірткіге ұзақ уақыт тәуелді болып, кейін одан бас тартқан адамның түрі бірден байқалады. Олардың жанары сөніп қалады. Ал есірткіні шамадан тыс көп қолданса, мидағы тыныс алу орталығы тежеліп, салдарынан тұншығып өліп кетеді", - деді Сапар Құттыбайұлы.
"Біріншіден, есірткі қолжетімді. Екіншіден, есірткіні таратушылар өздері қолданбауы мүмкін, бірақ оны ақшаға таратады. Оқушылар, студенттер мұны білмей таратып жатыр, кейбірі оны біліп, ақша жасау үшін таратады. Олар ақшаның болмауынан мұндай шараға, амал жоқ, барады. Мұнымен күрес үшін әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында жұмыстар жасалса: жастарға жұмыс орындары болса, бос уақыты болмаса жақсы болар еді", - деп тұжырымдады ол.
Дәрігер нашақорларға қатысты таптаурындар мен аңыздарға тоқталды.
"Егер сен иіскесең, шексең, тәуелді болмайсың, тек тамырға салып қанға жеткен соң ғана тәуелді боласың" деген аңыз бар. Шын мәнінде, иіскесе де, шексе де, тамырға салса да қанға барады. Қанға барса, миға жетеді. Екінші аңыз - есірткі тегін келеді деп ойлау. Адамдар бұрын тегін беріп жүрген досына, танысына сеніп қалады да өмір бойы тегін алып жүре беремін деп ойлайды. Бұл жерде қиялға берілуге болмайды. Әңгіме адамның өмірі туралы болып жатқан соң, әр адам өз ісіне, әрекетіне баға бере алуы керек. Адам өзін-өзі алдамауы керек. Бұл - қақпан. Оған бір рет түссең, шығу қиын", - дейді наркоорталық басшысы.
Дәрігер есірткіге тәуелді болып бастаған балалардың ата-аналарына құнды кеңестер берді.
"Есірткіге қатты тәуелді болып қалған баланың ата-анасы оны бірден мамандарға көрсетуі керек. Содан кейін бұрынғы ортадан оқшаулап, жаңа ортаға бейімдеу керек. Баланың бос уақыты болмауы керек. Жанында болып, қолдау көрсету керек. Әдетте, есірткіге тәуелділер көбіне жанындағы адамдарды кінәлап, қашып кетуге дайын тұрады. Ата-аналар баласының нашақор екенін айтуға намыстанады. Бұл мақтанып айтатын нәрсе емес қой. Бізге келген ата-аналар "қай жерден қателік жіберіп қойдым?" деп дал болады. Ал біздің орталықта бірден диспансерлік бақылауға қойылатын болға соң, көп ата-ана мұнда емес, жеке клиникаларда емдеуге тырысады", - дейді ол.
Қазір Алматы бойынша 4652 адам диспансерлік бақылауда тұр. Оның 1169-ы есірткіге тәуелді адамдар. Өкінішке қарай, 19-ы жасөспірім.
Айта кетейік, есірткіні сақтау, өткізу, өндіру немесе тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады.
Есірткіні жасыратын адам немесе курьер 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын алады. Интернетте есірткіні жарнамалау, насихаттау, белгілі бір есірткі туралы форумдарда оң пікірлер үшін жаза 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!