- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Досымның қасына барамын"...
"Досымның қасына барамын" деген хаты бар". Алматы облысында екі оқушы қатар өлді
Алматы облысында оқушылар арасындағы әлімжеттік кесірінен екі бірдей бала бақилық болды. Қаралы отбасылар жасөспірімдердің қазасына 11-сынып оқушысын кінәләп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Олардың айтуларынша, озбыр оқушы өзінен бір-екі сынып төмен оқитын балаларды сапқа тұрғызып, кезек-кезек төмпештеген. Бір соққы Мирас Әскербайдың дәл жүрек тұсына тиіп, бозбала тура сол жерде жан тапсырыпты. Мирастың жаназасынан кейін, яғни кеше түнде бірге таяқ жеген досы Дастан Нұрлыбай қорасында асылып қалған.
Полицейлер 17 жастағы күдіктіні ұстады. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Кеген ауданына қарасты Саты ауылында үш күннен бері ел-жұрттың көз жасы тыйылмады. Бірінен кейін бірі бақилық болған оқушылардың жаназасы кезек-кезек өтті. Дәм тұзы ерте таусылған 10-сыныптың екі оқушысы. Біріншісі - Мирас Әскербай, екіншісі - Дастан Нұрлыбай. Екеуінің өліміне түрткі болған түнді олардың сыныптастары былай баяндады.
"Бізге 11-сыныптың ұлдары телефоннан "шығыңдар, жәй ғана әңгімелесеміз" деді. Біз Дастан екеуіміз басында бармаймыз деп келіскен едік. Бірақ бармайтын болсақ, келесі жолы аямайтынын айтты. Бақыт Әділет айтып бастады, мектептің тәртібі жайлы. Жәй ғана әңгімелесіп бастаған болатынбыз. "Сендер амандаспай жүрсіңдер, мектептің тәртібін бұзып жүрсіңдер" деді. Сол кезде Бақыт Әлішер "бұлар жәй ғана құр сөзді түсінбейді" деп, ең алғаш Байтұрсын Дастан Нұрлыбайұлын ұрды, сосын Талап Әлиді ұрды, Кейін Әскербай Мирасты ұрды. Үшеуін қатты келіп ұрды, көкіректен", - дейді оқушылар.
Көкірекке тиген соққыдан Мирас бірден дірілдеп құлаған екен. Сыныптастарының айтуынша, ол 15 минуттай тірі жатып, кейін жан тапсырған.
Оқиға болған жер дәл ауылдың қақ ортасында орналасқан. Мұнда тал-терек көп, адам көзі көп түсе бермейді. Сондықтан ауыл жастары өз арасындағы кикілжіңді осы жақта шешіп, талай дүниені бүлдіретін көрінеді.
Ал түнде Мираспен бірге таяқ жеген оның ең жақын досы Дастан Нұрлыбай асылып қалды. Ата-анасы баласының өлі денесін таңға жуық қорадан тауыпты. Жанында "досымның қасына барамын" деген хаты бар екен. Дастанның ет жақындары тікелей өзен жағасында әлімжеттік көрсеткен сотқарды кінәләп отыр.
"Ұрған баланың тікелей қатысы бар. Соның кесірінен мен бауырымнан айырылдым. Жазасын алсын. Аяғына дейін барамыз. Ол балаға еш кешірім жоқ", - дейді Нұрсұлтан Байтұрсын, Дастанның ағасы.
Бір емес, екі баланың өліміне түрткі болған 11-сыныптың оқушысы ауылдың нағыз бұзақысы дейді тұрғындар. Осыған дейін спортпен де шұғылданыпты.
"Спортпен шұғылданды. Бізде грекримнан үйірме болған. Соған қатысып жүріп, облысқа барып, кейін қайтып келді. Бірекі жылдың арасында", - дейді Мирастың ағасы Айбар Айтқұлов.
Қайтып емес, қашып келген сияқты. Себебі жұрт оның ол жақта да талай балаға жұдырық жұмсап, кейбіріне тіпті пышақ сермеп, басы бәлеге қалғасын, ауылға қашып келгенін айтады. Оның қандай екенін оқыған мектебінен сұрағымыз келді.
Ал мектеп директоры өзінен жасы кішілерді соққыға жыққан оқушының тәртіпті екенін айтып жақтай жөнелген. "Әлімжеттік те, ақша жинау да жоқ" деп, шыр-пыр болған. Бірақ балалардарды қаз-қатар тізіп қойып ұру директорға қалыпты дүние сияқты.
"Төбелеспеген. Қатар тұрған балаларды бір-бірден бүйтіп ұрып шыққан.
Неге ұрып шыққан?
Қайсысын? Енді оларға жәй айтқан, түсінбейді деп айтқан ғой. Басқа ештеңке айтпаған. Ешқандай әңгіме, сөз болмаған", - дейді А.Түркебаев атындағы мектеп-лицей директоры Базаралы Момбеков.
Полицейлер бүтін бір ауылды басына көтерген 11-сынып оқушысын ұстағанын жеткізді. Бірақ қазір оның қамауда ма, әлде үйіне жіберілді ме, ол жағын ашып айтпады. Ал асылып өлу дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр.
"Аталған дерек аудандық полицияда ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Жеделіздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 17 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындаумен қажетті тергеу жүргізіліп жатыр. Өзіне қол жұмсау дерегі бойынша ҚР ҚК 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", - дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.
Айналдырған үш күн ішінде ұлынан айырылған екі отбасы күдіктінің облыстық мәслихатта отырған лауазымды туыстары бар деп, жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Сондықтан тергеудің әділ жүруін талап етіп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина