- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Досаев вандализмді болдырмау...
Досаев вандализмді болдырмау үшін жаңа аулаларға бейнебақылау камераларын орнатуды тапсырды
Алматы әкімі Ерболат Досаев вандализмді болдырмау үшін жаңа аулаларға бейнебақылау камераларын орнатуды тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданын аралау кезінде 7-шағын аудандағы аула аумақтарын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысып, тұрғындармен өзекті мәселелер бойынша сөйлесті.
"7 және 12-шағын аудандарда 35 аула орналасқан, оның 24-і биыл жөнделді" деді Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев. Модернизациялау аясында аулаларда баскетбол, футбол алаңдары салынды, жарық тұрақты әрі сапалы, енді іргелес аумақ абаттандырылып жатыр.
Жұмысты "Сенім ҚұрылысСервис" ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізіп жатыр. Тұрғындардың өтініші бойынша тұрақ аймақтары кеңейтіліп, бюджет қаражатының үнемделуі есебінен көгалдандырылатын болды.
Әуезов ауданы – Алматыдағы ең тығыз қоныстанғандардың бірі, оның тұрғын үй қоры 1 700 көппәтерлі үйден асады, аумағында 966 аула орналасқан. Бұл қаланың басқа аудандарына қарағанда көп.
Алматы әкімі Ерболат Досаев барлық ауланың жағдайын талдап, үй маңындағы аумақтарды жөндеу бағдарламасын жалғастыруды тапсырды. Қала басшысы вандализмді болдырмау үшін барлық ауланы бейнебақылаумен жабдықтау қажет екенін айтты. Абзал Егембердиевтің айтуынша, жөндеу жұмыстары аяқталатын жаңа 24 алаңда жақын арада камералар пайда болады.
Сондай-ақ аралау барысында Ерболат Досаев су басу, көгалдандыру және жаңа демалыс аймағы тақырыбында 7 және 12-шағын аудандардың тұрғындарымен кездесу өткізді. Қала басшысы қазіргі уақытта күзгі екпелер жалғасып жатқанын – биыл көгалдандыру аяқталмағанын, су басу проблемалары жоспарлы түрде шешіліп жатқанын атап өтті. Бұдан басқа, 2024 жылға "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасын қаржыландыру ұлғайтылады: қаланың 6 ауданына 2 млрд теңгеден және Алатау және Наурызбай аудандары үшін 2,5 млрд теңгеден бөлу жоспарланып отыр. Қосымша қаражат халықтың ең өзекті және сұранысқа ие жобаларын іске асыруға бағытталады.
Аула аумақтарын күрделі жөндеу аясында 2022 жылдан 2023 жылға дейін Әуезов ауданының (8, 9, 10, 11 ш/а және Жетісу-1,2,3,4) 167 ауласында жұмыстар аяқталды.
Материалды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан