Қырғызстан президенті Садыр Жапаров МҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің отставкаға кетуіне қатысты тағы да пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kg-ға сілтеме жасап.
Садыр Жапаровтың айтуынша, Қамшыбек Тәшиев қызметінен кеткеннен кейін жеке кездескен.
"Дос болып қала береміз. Бірақ ол мемлекеттік қызметке оралмайды, демалып, денсаулығына қарауы керек", - деді Садыр Жапаров.
Садыр Жапаров кадрлық шешімдерді өзі қабылдағанын, бұл қандай да бір сыртқы қысыммен байланысты емес екенін мәлімдеді. Ол құқық қорғау жүйесінде жоспарланған реформалар жалғасатынын айтты.
Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылғаны хабарланды. Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалған.
Қырғызстан МҰҚК-нің бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиев Еуропада емделгені де айтылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова