Талдықорғанда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырап, бір адам қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 30 қазанға қараған түні Талдықорғанның орталығында болған. Audi 80 және Hyundai Solati автокөліктері соқтығысқан.
"54 жастағы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Балпық би көшесімен келе жатып, жол жиегінде тұрған Audi көлігімен соқтығысады. Соққы кезінде неміс шетелдік көлігінің 37 жастағы жүргізушісі жолаушысымен бірге көліктің артқы дөңгелегін ауыстырып жатқаны алдын ала анықталды", - делінген хабарламада.
Жеңіл көлік жүргізушісі оқиға орнында қаза болды. Сондай-ақ, 36 жастағы ер адам түрлі дене жарақаттарымен аурухананың реанимация бөліміне жатқызылды.
"Қажетті сараптамалар тағайындалып, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлімінде көзделген тергеу амалдары басталды. Қылмыстық істі тергеуді облыстық полиция департаменті бақылауға алды", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!