Дональд Трамптың инаугурациясына өзгерістер енгізілді

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп қатты суыққа байланысты оның инаугурациясы дүйсенбіде бұрын жоспарланғандай ашық аспан астында емес, АҚШ Капитолий ғимаратында өтетінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Америка дауысына" сілтеме жасап.

"Елге арктикалық суық ығысып келеді. Адамдар жарақат алғанын қаламаймын. Сондықтан дұғалар мен басқа да сөздерді, инаугурациялық сөзді Америка Құрама Штаттарының Капитолий ғимаратында айтуды бұйырдым", - деп жазды Трамп жұмада.

Бұған дейін қатты суық салдарынан инаугурация 40 жыл бұрын, 1985 жылы президент Рональд Рейганның екінші анты кезінде, түстен кейін ауа температурасы минус 29 градусқа жеткенде жабық ғимаратқа ауыстырылды.

Дүйсенбідегі Вашингтондағы ауа райы болжамына сәйкес Трамптың анты кезінде ауа температурасы минус 7 градус Цельсий шамасында болады, бірақ бұл аяз желдің әсерінен әлдеқайда күшеюі мүмкін.

Президент сайлауы туралы не белгілі?

2024 жылы 5 қарашада Америка Құрама Штаттарында президент сайлауы өтті. Негізгі кандидаттар республикашылар атынан Дональд Трамп және демократтар атынан Камала Харрис болды. Бұл - елдің 47-ші президенті сайланатын 60-шы президенттік сайлау.

Трамп Вашингтон уақыты бойынша түнгі сағат екіде (Астана бойынша сағат 12:00-де) сайлаудың жеңімпазы деп жарияланды. Ол барлық негізгі штатта жеңіске жетті.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тағы алғашқы сайлау учаскелері жабылғаны хабарланды. Кейін Associated Press мынадай статистика келтірді: Трампта 230 дауыс, Харристе 187 дауыс. Мұндай деректерді "Америка дауысы" да келтірді: 230 және 179 дауыс.

Сонымен қатар Трамп негізгі жеті штаттың алтауында көш бастады. 

Артынша Дональд Трамп Флоридада жақтастарының алдында сөз сөйлеп, сайлаудағы жеңісін жариялады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттары президентінің сайлауында айқын жеңіске жеткен Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдады. Сарапшылар бұл Қазақстан экономикасына қалай әсер ететінін айтты. 

Анықтама: Сайлауда америкалықтар жаңа президентті ғана емес, вице-президентті, конгрестің 468 мүшесін, 11 штаттағы губернаторларды, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өкілдерді анықтады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!