Қазақстанда алаяқтықтың тағы бір түрі шықты. Сондықтан полиция азаматтарға ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алаяқтық схема қалай жүзеге асады?
Полиция мәліметінше, домофон қызметтеріне байланысты жаңа алаяқтық әдіс пайда болған:
- Бейтаныс адамдар азаматтарға қоңырау шалып, өзін домофонға техникалық қызмет көрсететін компания қызметкері ретінде таныстырады.
- Алаяқтар "қосымша кілттер жасау" немесе "кілтсіз кіру қызметін қосу" сияқты жалған қызметтер ұсынады.
- Ол үшін кіреберіс есікті кілтсіз ашуға мүмкіндік беретін алты таңбалы "жеке код" жіберетінін айтады.
- Олар әр пәтердің жеке коды болатынын және бұл жаңа, ресми қызмет екенін алға тартады.
Азаматтарға ескерту
Ішкі істер министрлігі мәліметінше, шын мәнінде мұндай сервис мүлдем жоқ. Азаматтың келісімін алған соң алаяқтар жеке дерек жинауға кіріседі.
Полиция тұрғындарды барынша сақ болуға және мұндай қоңырауларға сенбеуге шақырды.
"Нағыз домофон компаниялары телефон арқылы жеке дерек сұрамайды, қызметтерді мұндай қоңыраулар арқылы ұсынбайды. Күдік тудыратын қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, бұл туралы 102 нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарлау қажет", - деп жазылған хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова