Домофонды ауыстыру туралы хабарлама: полиция қызметкерлері ескерту жасады

Полиция қызметкерлері WhatsApp желісінде тараған домофонды ауыстыру туралы хабарламаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының мессенджерлерінде QR-код көрсетілген домофонды ауыстыру туралы хабарландырудың фотосуреті тарап жатыр.

"Әлеуметтік желілерде домофонды ауыстыру туралы басқарушы компаниялардың бірінің хабарландыруы тарап жатыр. Хабарландыру нақты ақпарат емес, осыған ұқсас хабарландыруларда көрсетілетін QR-кодтарды сканерлемеңіздер және күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіздер. Тек ресми ақпаратқа сенуді не болмаса домофонды жөндеумен айналысатын қызмет көрсетуші компанияларына хабарласуын сұраймыз", - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының басшысы Марат Жұмалиев.

Айта кетейік, кейінгі кезде осыған ұқсас хабарландыру көрші елдердегі Желі қолданушыларының арасында, атап айтқанда, ресейлік пабликтерде және ВКонтакте желісінде де белсенді тарап жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!