- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Домбыраны ұшақта тасымалдау:...
Домбыраны ұшақта тасымалдау: ереже өзгеруі мүмкін - көлік министрлігі
Көлік министрлігі әуе компанияларымен бірлесіп, домбыраны ұшаққа алып кіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Домбыраны ұшақ салонына алып кіруге қатысты мәселе бүгін тағы да Парламент қабырғасында талқыланды. Бұл жолы сауал қойған депутат Аманжол Әлтай:
"Өздеріңізге мәлім, әуе компаниялары бортқа қазақтың қасиетті қара домбырасын кіргізбейді. Бұл біздің ұлттық намысымызды қорлау деп түсінеміз. Қазақтың қасиетті домбырасы қатардағы жүк емес. Біздің ұлттық құндылығымыз. Бүгінгі таңда қасиетті домбыраға қалай болса солай қарау біздің ұлттық намысымызға тиеді. Сондықтан әбден тайраңдап кеткен әуе компанияларын қашан тәртіпке шақырасыздар? Киелі домбыраны әрбір өнер өкілі өзімен алып кіруі керек деп ойлаймын", - деді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай.
Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев әуе кемелерінде музыкалық аспаптарды тасу олардың габариттеріне байланысты екенін айтып, қол жүгі мен жол жүгін тасымалдау шарттарына өзгеріс енгізуге дайындалып жатқандарын алға тартты.
"Кейбір аспаптарды қазіргі әуе кемелерінің сөресіне орналастыру мүмкіндігі жоқ. Соған байланысты осындай сұрақтар туындап жатыр. Қазіргі уақытта әуе компанияларымен бірлесіп, осы шаруаны шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Керек болған жағдайда жол жүгін, қол жүгін тасымалдау шарттарына өзгерістер енгізуге дайындалып жатырмыз. Барынша осы мәселені әуе кемелерінің мүмкіндіктеріне байланысты шешуге тырысып жатырмыз", - деп жауап берді Сәтжан Аблалиев.
Багаж бөліміне тапсырылған аспаптардың бүлінбеуіне кепілдік жоқ
Әуе компаниялары музыкалық аспаптарды багаж бөліміне тапсырған жағдайда, олардың толық сақталуына кепілдік бермейді. Сондықтан аспапты зақымданудан қорғау үшін арнайы қап қолдану және сақтандыруды рәсімдеу маңызды.
Музыкалық аспаптарды ұшақта тасымалдау ережелері аспаптың өлшеміне және әуе компаниясының талаптарына байланысты:
Кішігірім аспаптар (мысалы, скрипка) қол жүгінің талаптарына сай келсе, ұшақтың салонына алып кіруге болады (әдетте 55 x 40 x 20 см-ге дейін).
Орташа және үлкен аспаптар (мысалы, гитара) үшін қосымша орын сатып алу қажет. Аспапты салонда қауіпсіздік белдіктерімен бекіту керек.
Ірі аспаптар (мысалы, контрабас) багаж бөліміне тапсырылады. Мұндай аспаптар соққыдан қорғайтын берік қапта болуы тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, ұшақ бортына домбырасын алып кіре алмай, әлеуметтік желі арқылы билікке үндеу жасаған әншілер аз емес. 2024 жылдың наурыз айында халық әртісі Мақпал Жүнісова әуежай қызметкерлері домбырасы мен концерттік бас киімін ұшаққа кіргізуге рұқсат бермегенін жеткізген. Қарағандыдағы жеке концертіне бара жатқан әнші домбыра үшін қосымша орын сатып алған.
"Домбырам мен бас киіміме жеке орын сатып алдық. 65 мың теңге. Құрметті Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы, қазақтың домбырасын өткізбей, осындай болып жатыр. Енді гастрольге шықпаймын, заңды өзгертпесеңіздер, гастрольге бармаймыз", - деді халық әртісі.
2023 жылдың қазан айында айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай Fly Arystan ұшағына домбырасын алып кіруге рұқсат берілмегені туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазған еді. Кейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ұшақтарға ұлттық аспаптарды кіргізбеуге қатысты әуе компанияларының әрекетін сынға алған. Аталған оқиғалардан кейін Air Astana компаниясының вице-президенті Александр Небога ұшақ ішіндегі қол жүгі жәшіктеріне кейбір заттарды салу мүмкін емес екенін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет