Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова бүгінде домбыраны да Қытайдан сатып алып отырғанымызды айтып, қолөнершілердің нақты статистикасын жүргізуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде қолөнершілердің саны аз.
"Сондықтан олардың да статистикасы керек. Мысалы, Қазақстанның қай өңірінде қамшы өретін қанша адам бар? Домбыра жасайтын қанша адам бар? Жақында "Білім және мәдениет" туралы заңды талқылағанда бізге Мәдениет министрлігінің өкілі домбыраны Қытайдан сатып алатынымызды айтты. Бұған жаның ауырады", - деді Жұлдыз Сүлейменова Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында.
Депутаттың пікірінше, Қазақстандағы қолөнершілердің нақты санын білу маңызды.
"Қанша адам домбыра, қанша адам қобыз, қанша адам ер-тоқым жасайды, қаншасы қамшы өреді? Тіпті, қанша адам сабын қайнатады? Мұның бәрі – ата дәстүріміз ғой. Соның бәрін білуіміз керек. Осындай деректер қажет. Өйткені рухани, идеологиялық бағдарламаларды көтереміз. Бірақ соның түбінде нақты статистика тұрса, жақсы болады", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!