“Домбыраны Әли деген қойшы ойлап тауыпты“. 5-сыныптың оқулығы желіде дау тудырды

“Домбыраны Әли деген қойшы ойлап тауыпты“. 5-сыныптың оқулығы желіде дау тудырды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

"Атамұра" баспасы әлеуметтік желіде оқулыққа қатысты туындаған дауға түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі "Атамұра" баспасының "Орыс тілі мен әдебиеті" оқулығына қатысты наразылық білдірді.


Сурет: facebook.com

"Орыс тілі мен әдебиеті" оқулығы. 5-сынып. Авторы Жанпеис У.А. 2-бөлім, 16-бет. Қазақ халық ертегісін оқиық! Бізде Жошы емес, Хусаин деген хан болыпты, оған баласының қазасын жеткізген Кетбұға емес, Әли деген күйші болыпты-мыс, соңында қазақтарда домбыра деген аспапты осылай Әли деген қойшы ойлап тапты делінген. Қалай бұл?", - деп жазды ол.

Баспа Үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес міндетті түрде оқуы тиіс шығармалар тізімі бар екенін айтты.

"5-сыныпқа арналған "Атамұра" баспасының "Орыс тілі мен әдебиеті" оқулығы 5-9 сыныптарға арналған "Орыс тілі мен әдебиеті" Үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес әзірленген. Бағдарламаның мазмұнына сәйкес, оқушылардың міндетті түрде оқуы тиіс шығармалар тізімі анықталған, олардың ішінде қазақ халық ертегісі "Әли шебер" де бар. Осы талапты орындау мақсатында, аталған шығарма қазіргі қолданыстағы оқулыққа енгізілген", - деді "Атамұра" баспасында.

"Әли шебер" - ойдан шығарылған оқиғалар мен кейіпкерлерге негізделген қазақ халық ертегісі.

"Бұл шығарманың мазмұнында нақты тарихи тұлғалар - Жошы хан мен Кетбұға кездеспейді. Дегенмен басылым авторлары "Әли шебер" ертегісін "Ақсақ құлан" аңызы сияқты нақты тарихи оқиғалар мен тұлғаларды сипаттайтын шығармамен шатастырған. Сондай-ақ 5-сыныптың оқу бағдарламасында аңыздарды фольклордың жеке жанры ретінде оқыту қарастырылмағанын ескеру қажет.

"Әли шебер" ертегісі "Золотой кувшин" (1952), "Музыка-кудесница" (1987) сияқты антологияларда жарық көрді. Сонымен қатар "Әли шебер" ертегісі мен "Ақсақ құлан" аңызы, жалпы сюжеттік ұқсастықтарына қарамастан, бір-бірінен тәуелсіз туындылар болып табылады. Мұндай ерекшелік ауызша халық шығармашылығына тән құбылыс, себебі бір сюжет әртүрлі аймақтарда, баяндаушылардың интерпретациясына немесе тарихи контекстке байланысты түрлі нұсқаларда берілуі мүмкін. Әрбір нұсқа мазмұнға жаңа мағыналар мен реңктер қосу арқылы сюжетті тереңдете түседі", - деп жауап берді "Атамұра" баспасы Massaget.kz тілшісіне.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова
Logotype Massaget