Ауылды жерде тұратын отбасылардың 14 пайызында домбыра бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
2022 жылы Ұлттық статистика бюросы қазақстандық отбасылардың музыкалық аспаптармен қамтамасыз етілу деңгейі бойынша сауалнама жүргізді. Нәтижесі бойынша отбасылардың 9,4 пайызында домбыра, 4,5 пайызында гитара, 1 пайызында пернелі аспаптар, 0,8 пайызында басқа музыкалық аспаптар бар екені белгілі болды.
Қалалы жерлерде отбасылардың 7 пайызында домбыра, 4,3 пайызында гитара, 1 пайызында пернелі аспаптар бар. Ауылдық жерлерде отбасылардың 14,3 пайызында домбыра, 4,8 пайызында гитара, 1 пайызында пернелі аспаптар бар.
Осылайша, ауыл мен қала арасындағы музыкалық аспаптармен қамтамасыз ету тұрғысынан айтарлықтай айырмашылық тек домбырада екені байқалады.
Өңірлер арасында домбыра Алматы облысының отбасыларынан жиі табылады, яғни 17,5 пайызында бар. Екінші және үшінші қатарда Маңғыстау және Түркістан облыстары орналасқан, олардың үлесі 17,2 пайыз және 14,5 пайыз болады. Ең төменгі көрсеткіш Абай облысында тіркелді: мұнда отбасылардың тек 2,2 пайызында домбыра бар.
Гитара көбіне Маңғыстау (10,3 пайыз), Қостанай (6,4 пайыз) облыстары мен Алматының (5,9 пайыз) отбасыларында бар.
Пернелі аспаптар бойынша Қарағанды (2 пайыз), Қостанай (1,8 пайыз) және Ақмола (1,8 пайыз) облыстары көш бастап тұр, ал ең төменгі көрсеткіш Маңғыстау облысында (0,2 пайыз) байқалады.
Мамырдың қорытындысы бойынша домбыра мен гитара бір жылда 12,7 пайызға қымбаттады. Өңірлер арасында бұл ішекті аспаптардың бағасы Батыс Қазақстан облысында бірден 43,6 пайызға өсті. Антилидерлер үштігінде Шығыс Қазақстан облысы мен Астана да болды. Ең аз жылдық өсім Ұлытау және Қарағанды облыстарында тіркелді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!