Доллар қымбаттауы азық-түлікке әсер етті ме? Сүлейменовтің жауабы

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамының өсуі азық-түлікке қалай әсер еткенін айтып, қазақстандықтарға кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бұл айда доллар бағамы 495, 497 теңге болған. Қазір доллар бағамы 500 теңгеден асты, 507, 510 болды, Бұл - 2 пайыз өсім. 2 пайыздық өсім нан мен сүтке айтарлықтай әсер етті ме? Олай емес сияқты. Біз доллармен сатып алмаймын, долларды да сатып алмаймыз. Сондықтан бұл жағдайға асыра сілтеп баға бермес едім. Әрине, 500 деген психологиялық тұрғыда әсер етеді. Мен доллар бағамы 500 теңгеге жеткен кезде басшы болып отырмын. Маған да оңай емес, оны түсінсеңіздер деймін. Бірақ тұтынушы ретінде аса әсер етпегенін айтқым келеді. Егер қатты шарықтап кеткенде дүкендердегі бағаны бірден өзгерту керек болатын еді", - деді ол.

Сондай-ақ, ол Ұлттық банк төрағасы қазақстандықтарға кеңесін айтты.

"Қарақұмықты жаппай сатып алу керек пе? Әрине, жоқ. Бұл - психологиялық қысым, келісемін. Бірақ жағдайға саналы түрде қарасақ, бұл 2 пайыз тауарларға аса әсер еткен жоқ қой. Адамдар күнде доллар сатып алып жүрген жоқ. Доллар қаражат сақтау түрі болмау керегі айтылып жүр. Оған қарағанда, теңге ұтымдырақ. Бүгін базалық мөлшерлемені, депозитті көтеру шешімі қабылданды. Қаржыларыңызды құрылысқа, кәсіпке салуға кеңес беремін. Пәтер бағасына қатысты пікір білдіре алмаймын", - деді ол. 

Айта кетейік, кеше сағат 11:00-де Астанадағы ақша айырбастау орындарында доллар 513,20 теңгеге сатылып, 505,10 теңгеге сатып алынды. Кейбір айырбастаушылар АҚШ валютасын 515 теңгеден сатты.

Бұған дейін экономист Айбар Олжаев теңгенің болашағын болжап еді.

Тимур Сүлейменов Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұру үшін 10 күнде 1 миллиард доллар жұмсалғанын айтты.

Бұған қоса, Ұлттық банк төрағасы "доллар 600 теңгеге жете ме?" деген сұраққа жауап берді.  

Алматыда америкалық валюта 512,87 теңгеге сатылып, 507,50 теңгеге сатып алынды. Кейбір ақша айырбастау орындарында доллар 516-518 теңге аралығында сатылып жатыр.

Кейін Ұлттық банк доллар бағамына қатысты мәлімдеме жасап, жағдайды түсіндірген еді. 

Ұлттық банк мәліметінше, бірқатар фактор әсерінен теңгенің айырбас бағамы АҚШ долларына шаққанда 500 теңгеге жеткен.

Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақпен жылдық 15,25 пайыз деп белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция балансын ескере отырып қабылданған.

Анықтама: базалық мөлшерлеме - коммерциялық банктерге Ұлттық банк қысқамерзімді несиелер беретін және коммерциялық банктерден депозиттер қабылдайтын пайыздық мөлшерлеме. Ол азаматтарға берілетін несиелер бойынша мөлшерлемелерді белгілеуде маңызды рөл атқарады, елдегі инфляция деңгейіне де әсер етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме - ел экономикасы мен банк секторы үшін негізгі бағыт. Оның мөлшерін Ұлттық банк белгілейді: арттыруы немесе төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар базалық мөлшерлеме - елдің ақша-несие саясатының негізгі құралы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!