KASE кешкі сессиясында доллар бағамы 287,92 теңгеге жетті, - деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі. Валюта тарихи рекордты жаңарта түсті. Бағам күндізгі сессияда ғана 286,26 теңге болған еді. Еске сала кетейік, бір тәулік бұрын, 3 қарашада шетелдік валюта 283,23 теңгеге бағаланды.
Кешкі сессияда бірінші келісім 278,5 теңгемен жасалды. Ең төменгі баға да осы. Ал ең жоғарғысы - 288,3 теңге. Сауданың жалпы көлемі 13,5 миллион долларға тең болды. Оған валюта нарығының 6 мүшесі қатысты. Kurs.kz сайтының мәліметінше, ақша айырбастау орындарында доллар 286-289,5 теңге аралығында сатылып жатыр.
Еске сала кетейік, тарихи рекорд биыл 16 қыркүйекте тіркеліп, бағам 285,77 теңге болған еді. Ал бүгін таңертең бір доллар 284,28 теңгеге бағаланды. Айта кетейік, доллардың қымбаттауы ҚР Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетов отставкаға кеткеннен бері жалғасып жатыр. Еске сала кетейік, 2 қарашада ҚР Ұлттық банктің төрағасы ауысты. Қайрат Келімбетовтің орнына Данияр Ақышев келді.