Доллар бағамы тағы өсе ме? Ұлттық банк төрағасы жауап берді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс кулуарында "доллар бағамы тағы өсе ме?" деген сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Біріншіден, біздің экономикамыз мұнайға қатты тәуелді. Мұнай нарығында тұрақсыздық болып жатыр. Кейінгі апталарда мұнай барреліне 80 доллардан 71,5 долларға дейін төмендеді. Бұл біздің ұлттық валютамызға әсер етпеуі мүмкін емес.

Екіншіден, қазақстандық заңды тұлғалар тарапынан сұраныс жоғары екенін көріп отырмыз. Бұл көбіне бюджет қаражаты есебінен немесе квазимемлекеттік сектордың қаражаты есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды жүзеге асырумен байланысты. Бізде жыл басында бюджеттік процесс қызық жүзеге асады. ...Төртінші тоқсанда валютаға сұраныс жоғары екенін байқап отырмыз", - деді ол.

Ұлттық банк төрағасы бұл жайттардың теңгеге қандай әсері болатынын айтты.

"Бұл теңгенің құлдырауына әкеп соқпайды. Бұған макроэкономикалық факторлар бар. ...Біз Қазақстан қор биржасына сүйенеміз. Ақша айырбастау пункттерінде 500 теңгеден сатылып жатса, бұл сұрақ соларға", - деп жауап берді Сүлейменов.

Тимур Сүлейменов АҚШ-тағы сайлаудың әсері туралы да пікір білдірді.

"Егер ірі өзгерістер болмаса, шын мәнінде, ол болуы да мүмкін. Біріншіден, АҚШ-тағы сайлау. Бұл - маңызды макроэкономикалық фактор, ол белгілі бір жаққа қарай әсер етуі мүмкін. Өйткені президенттікке үміткерлердің мықты экономикалық бағдарламалары бар. Оның ішінде мұнайға қатысты да. Екіншіден, мұнай экспорттаушы елдер ұйымының шешімін күту керек", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін экономист Сапарбай Жобаев доллар бағамына қатысты алдағы уақытта қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтқан еді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!