Доллар бағамы неге жылдың басында түсіп, соңында көтеріледі - сарапшылар жауабы

Доллар бағамы неге жылдың басында түсіп, соңында көтеріледі - сарапшылар жауабы
Фото: pixabay.com

Ұлттық валютамыздың курсы неге құбылып тұрады? Баға қалай анықталады? Теңге нығаюына қандай факторлар әсер етеді? Massaget.kz тілшісі сарапшылардың пікірін біліп көрді.

Экономист Расул Рысманбетов теңге бағамына көбіне мұнай әсер етеінін айтады. Оның сөзінше, егер Қазақстан мұнайы барреліне 100 доллар болса, теңге өз курсын ұстап қалуы мүмкін. 

"Ішкі факторға келер болсақ, жыл басында алып-сатулар бәсеңдейді. Халық ақшаны көбіне жаз айларында жұмсайды. Ал, сыртқа қарасақ, АҚШ-та пен Батыс рецессиядан қауіптенеді. Сол себепті АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі мен Еуропалық орталық банк несиелік ставка мөлшерін наурыздан кейін төмендетуі мүмкін. Егер ставка мөлшері төмендесе, әлемде доллар мен еуроның бағасы әлсірейді. Сол кезде, меніңше, теңгеге мүмкіндік туады. Яғни теңгемізді 450-460 бағамында ұстап қала аламыз. Одан жоғары көтерілмейді деп есептеймін", - дейді Расул Рысманбетов.

Экономист теңгенің қолданысын арттырып, экономиканы қалпына келтіру үшін жақын арада қандай салаларды дамытуымыз керегін айтты.

"Ішкі туризм соңғы жылдарда жақсарды деп есептесегеннің өзінде, сыртқы туризм әлі де нашар. Сырттан тек туристер ретінде Қытайдан келіп жатыр. Екіншіден, ауыл шаруашылығындағы латифундистермен күресуіміз керек. Қазір жер кодекісінде қосалқы жалдау деген дүние жоқ. Қазіргі таңда көптеген бай біздің қосалқы жалдауға ештеңе беріп отырғанымыз жоқ деп ақталады, алайда иеліктің бәрі өз қолында болады. Сондықтан жер иеліктеріне тексеріс жүргізуге тиіспіз. Үшіншіден, мұнай мен металлургия саласын дамытуымыз керек. Олардың ішінен өндіріс ашып, керек-жарақтың бәрін отандық өндірушідлерге кезексіз бірінші беруіміз қажет. Су, жер мен электр желілерін реттеп, бәрі автоматтандырылса, бұл керемет үнем болар еді. Егер бұл салалар тез реттелсе, 2025 жылға қарай экономикамыз үшін жеңілдеу болады", - дейді экономист.

Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, теңге бағамын ешкім арнайы бекітпейді.

"Бағам еліміздің қор биржасындағы алып-сату нәтижесінде белгілі болады. Оған теңгені сатып алатын, және сататын биржа ойыншылары әсер етеді. Яғни курсты ұсыныс/сұраныс балансы реттейді. Теңгені басып шығаратын Ұлттық Банк оның бағамын таргеттеу, яғни реттеу режимінен кетіп, қазір тек инфляцияны таргеттеу (белгілі-бір шек аясында ұстап тұру) режимімен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, теңге тағдыры нарықтың жеке қолына берілді. Енді мемлекет бар күшін тек инфляцияға салады", - деді Олжаев.

Ол мұның дұрыс тенденция екенін айтады.

"Біз бұған дейін бірнеше девальвацияны бастан кешірдік. Сол кезде халықтың ұлттық валютаға деген сенімі жоғала бастады. Тіпті теңгемен есептессек те, түпкі есебін ойша долларда жүргізіп отырдық. Осы девальвациялар әу баста теңгені нарық емес, мемлекет өзі реттеп отырғандықтан болды. Яғни, оның курсы жасанды түрде, түрлі саяси науқандарға қатысты қолдан ұсталып отырды. Теңгені қолдан ұстап тұру өте қымбат. Ашығын айтуымыз керек, сол жылдары бізде мемлекеттің алтын-қор резерві босқа жағылып кетті", - дейді Айбар Олжаев.

Олжаев теңге бағамының жоғары не төмен болуына не әсер ететінін айтты.

"Кез келген валюта сияқты теңгеге сыртқы және ішкі факторлар әсер етеді. Қазіргі құбылуға ықпал еткен сыртқы факторлардың ішінде доллардың өз девальвациясы, ал ішкі фактор ретінде Ұлттық қордағы доллардың биржада теңгеге айырбастала басталуы тілге тиек етіледі. Теңгеге мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасының ықпалы зор. Баға жоғары болса, валюталық түсімдеріміз көп болып, сыртқы сауда балансы біз үшін жағымды болады. Яғни экспортымыздың ақшалай көлемі импорттан асып тұруға тиіс", - дейді сарапшы.

Жасұлан Ордабаев

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz