Доллар бағамы жұртты алаңдатты: Ұлттық банк мәлімдеме жасады

Ұлттық банк доллар бағамына қатысты мәлімдеме жасап, жағдайды түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұлттық банк мәліметінше, бірқатар фактор әсерінен теңгенің айырбас бағамы АҚШ долларына шаққанда 500 теңгеге жеткен.

"Қазір биржадағы сауда-саттық 1 АҚШ доллары үшін 518-519 теңге аралығында өтіп жатыр. Кешегі күннен бастап 2,4 пайызға әлсірегендіктен, 28 қарашадағы теңгенің орташа сараланған бағамы - АҚШ доллары үшін 512,58 теңге", - деп жазылған хабарламада.

Ұлттық банк сыртқы және ішкі факторлар валюта бағамына теріс әсер ететінін мәлімдеді.

"АҚШ долларының жаһандық нығаюы, шикізат құнының өзгеруі және әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі сияқты бірқатар сыртқы фактор өзгеруі аясында дамушы нарықтардағы валюталардың теріс динамикасы барлық жерде байқалады. Негізгі әлемдік валюталарға қатысты АҚШ долларының бағамын бақылайтын DXY индексі ай басынан шамамен 2,2 пайызға нығайып, 106,2 пунктке дейін өсті (28 қарашада). ЕМ валюталарының индексі ай басынан 3,0 пайызға төмендеді (28 қараша бойынша)", - деп жазылған хабарламада.

Ресми ақпаратта доллардың күш алуы шикізат тауарлары үшін әдеттегідей теріс фактор екені айтылды. Ұлттық банк мәліметінше, мұнай бағасының тым құбылуы, сол секілді Трамптың президенттік кезеңінде АҚШ-тан мұнай жеткізілімдерінің артуы мен мүмкін болатын сауда баждарына қатысты ұсыныстың артуына әкеледі деген экономистердің болжамдарынан пессимистік сарын байқалады.

Ұлттық банк рубль бағамына қатысты жағдайды да түсіндірді.

"Ресей Федерациясының қаржы секторына қарсы жаңа санкциялар енгізу аясында елдің негізгі сауда серіктестерінің бірінің валютасы - Ресей рублі әлсірей түсті. Осылайша, биржада юань/рубль жұбының бағамы юань үшін 15,1 рубльге жетіп, қарашаның басынан бастап 11,2 пайызға әлсіреді. Forex Халықаралық валюта нарығындағы доллардың айырбас бағамы 1 доллар үшін 114,5 рубльден асты, ал рубль айдың басынан бастап 18 пайызға әлсіреді", - деп жазылған хабарламада.

Биыл қарашада сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемі 238 млн АҚШ долларына жеткен, бұл былтырғы қарашадан (193 млн АҚШ доллары) 1,5 есеге жуық және тамыз-қыркүйек айларындағы сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемінен едәуір жоғары.

"Осы факторлардың жиынтығы теңге бағамына қысым жасайды, кейбір кезеңдерде сауда-саттық барысында алып-сатарлық қысымға жағдай жасай отырып, валюта нарығындағы теңгерімді бұзғаны және өтімділіктің төмендігі байқалады. Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізеді", - деп жазылған хабарламада.

Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізуді жалғастыруға дайын екенін хабарлады.

Валюта интервенциясы - шетелдік валютаны көп көлемде сатып алу не сату арқылы Ұлттық банктің валюта нарығы мен бағымына ықпал етуі. Бұл - мемлекеттің экономиканы реттеудегі ең басты құралдарының бірі.

Айта кетейік, бүгін сағат 11:00-де Астанадағы ақша айырбастау орындарында доллар 513,20 теңгеге сатылып, 505,10 теңгеге сатып алынды. Кейбір айырбастаушылар АҚШ валютасын 515 теңгеден сатты.

Алматыда америкалық валютаны 512,87 теңгеге сатып, 507,50 теңгеге сатып алды. Кейбір ақша айырбастау орындарында доллар 516-518 теңге аралығында сатылып жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз