Доллар бағамы 540 теңгеге дейін өсті

Қазақстандағы айырбастау пунктерінде доллар қымбаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

23 шілдедегі доллар мен теңге бағамы

Сағат 11:40-тағы жағдай бойынша Астанадағы айырбастау пунктерінде доллар 539–540 теңгеден сатылып, 532–533 теңгеден сатып алынып жатыр. Алматыда доллар 538–541 теңге аралығында сатылып, 534–537 теңге аралығында сатып алынып жатыр.

Айта кетейік, 22 шілдеде Астанада доллар орта есеппен 535 теңгеден сатылып, 528 теңгеден сатып алынған. Алматыда доллардың орташа сату бағамы – 532 теңге, сатып алу бағамы – 530 теңге болған.

23 шілдедегі ресми бағам

Ұлттық банктің ресми мәліметі бойынша, 23 шілдеде доллардың ресми бағамы – 531,96 теңге.

Еске салайық, бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов журналистердің теңге бағамы мен девальвацияға қатысты сұрағына жауап берген болатын. Оның айтуынша, теңге бағамы тек нарық заңдылықтарына сай қалыптасады және қазіргі таңда ұлттық валюта бағамының күрт құбылуына негіз болатын факторлар жоқ.

"Бізде бағам нарықтық факторларға негізделіп қалыптасады, Ұлттық банк тарапынан ешқандай араласу жоқ. Қазіргі таңда біздің және беделді сарапшылардың бағалауы бойынша, теңге бағамының күрт әлсіреуіне алғышарттар жоқ", – деді үкімет басшысы.


Кейінірек Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге бағамындағы қазіргі жағдайды түсіндіріп, неге реттеуші орган нарыққа араласпайтынын айтты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз