KASE қор биржасының 14 қыркүйек күнгі кешкі сессиясында доллар бағамы 278,54 теңгеге дейін өсті. Шетел валютасы кезекті рекордын жаңартып отыр. Күндізгі сессияда 276,75 теңгеге тең болса, таңғы сессияда бір доллардың құны 273,55 теңгеге тең еді. Оған дейінгі рекорд 11 қыркүйектің кешкі сессияда жаңарған болатын. Сол уақытта бір доллар 264,2 теңгеге бағаланған.
Бірінші келісім 278,25 көрсеткішінде болды. Минималдық бағасы - 277, максмималдық бағасы - 279 теңге. Саудаға жалпы валюта нарығының 11 мүшесі қатысты. Сауданың жалпы сомасы 7 миллион доллардан асып түсті. Осылайша теңге соңғы төрт күннің ішінде 23 теңгеге құлдырады.
Ал осыған дейін Астанада ақша айырбастау пункттерінің жұмысын жаппай тоқтатып жатқаны белгілі болды. "Мұндай қысыммен жұмыс істеу мүмкін емес. Ары қарай жұмыс істеудің мәні жоқ. Адамдар күйгелектеніп жатыр. Үнемі тексеріс, сондықтан да қысым көп. (...) Мұнда қара нарық қызу жұмыс істеп тұр, яғни заңсыз келісімдер өршіп тұр. Қара нарықта жұмыс істеуге көшу керек немесе мүлдем жұмыс істемеген жөн. Біз жұмыс істемеуді ұйғардық, қалғандары қара нарықты таңдап жатыр. Басқа жол жоқ", - деді "Байлык Finance" айырбастау пунктінің иесі Айгүл Салыбекова.
Еске сала кетейік, бұған дейін доллар бағамына түсінік берген Ұлттық банктің өкілдері банктің валюта нарығындағы жағдайға араласпағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, шетел валютасы үшін ең қолайлы баға 240 теңге шамасында.
Дереккөз: Tengrinews.kz